Астанада VIP автонөмерлер сатқан ерлі-зайыптылар ұсталды
Астанада жалған түбіртек жасап, VIP автонөмерлер сатқан ерлі-зайыптылар ұсталды. Алаяқтардың бірі халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері. Күдікті келіншек пен оның күйеуіне клиент тауып беріп отырған делдалдар да тура қылмыс үстінде қолға түсті.
Автор: Жәудір Оразхан
12.04.2016
Тіпті ұйымдасқан топты құрықтау үшін арнайы жасақ жігіттері жұмылдырылыпты. Делдалдар көліктерді аралап, жүргізушілерге 555, 777, 001 сынды жарты миллион теңге тұратын нөмерлерді арзан бағаға ұсынған. Келіскендер, алдын ала ақшасын төлейді. Ал, тапсырысты Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері қабылдап отырған. Кейін ол үйінде күйеуі екеуі жалған түбіртек басумен айналысқан. Тергеушілер орталық қызметкерінің жұмыс орнын да тексерді. Алаяқ ерлі-зайыптылардың пәтерінен екінші деңгейлі банктің мөрі, принтер мен компьютер табылған. Жылға жуық VIP нөмерлер сатып, заңсыз миллиондаған табыс тауып келгендер қазір тергеу абақтысында отыр. Тек келіншектің аяғы ауыр болғандықтан бостандықта жүр. Енді полиция Астанада былтырдан бері таратылған 720 қымбат нөмердің иелерін іздестіріп жатыр. Өйткені, VIP нөмерлерді сатып алғандар да жауапқа тартылуы мүмкін.
Той Яндиев, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірстер департаментінің аға-тергеушісі:
-Клиент өткізген түбіртектің заңды не, жалған екенін тексеру Халыққа қызмет көрсету орталығындағы оператордың міндетіне кірмейді. Күдіктілер мұны тиімді пайдаланған. Қазір ұсталған 5 адам «алаяқтықпен айналысты», «жалған құжат жасады» деген 2 бап бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!