Көкшетауда электр кабельдерін ұрлайтын топ пайда болды
Олар соңғы 2 аптада көпқабатты 14 үйдің сымдарын кесіп әкеткен. Енді ондағы тұрғындар жарықсыз отыр. «Көкшетау қалалық электр торабы» компаниясы қарақшылар табылмайынша, жаңа сым тартпайтындарын жеткізді. Өйткені қаражаты тағы зая кетеді ме деп алаңдаулы. Ал полиция қылмыскерлердің ізіне түсе алар емес.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.04.2016
Бұл көпқабатты үйдің тұрғындары таңертеңнен бері далада жүр. Есік алдына орнатылған электр қорабын түнде біреулер ашып, сымдарды жұлып алып кеткен. Ұры алыстан келген жоқ дейді тұрғындар.
Бақыт Асқарова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- 220 вольт. Оған жәй адам келе алмайды. Оған арнайы құрал мен маман керек.
Мұнда ұрлыққа түскендер олжалы болғанға ұқсайды. Өйткені бір ғана қорапта 24 пәтердің есептегіші қосылған сымдар болған. Енді, міне, жарықсыз балалар сабаққа әзірлене алмай, қарттар екпесін майшамның жарығымен алып жатыр. Тоңазытқыштары еріп, мазалары кеткен.
Электр торабындағылар болса, миллиондаған қаражат жұмсалған модернизациямыздың быт-шыты шықты дейді. Өткен жазда ғана 71 нысанның сымдарын түгел жаңартқан. Ал соңғы екі аптада 14 көпқабатты үйдің электр желісі тоналыпты. Жез сымдардың 1 метрі 150 теңге екен. Бір үйге ғана 500 метр сым тартуға қаражат қайдан болсын дейді ашуға булыққан мамандар.
Бауыржан Байділденов, «Көкшетау қалалық электр желілері торабы» филиалының бөлім басшысы:
- Қымбат сым. Ұрылар табылмаса, біз оны істемейміз. Ұрылар табылса, бастыққа қағаз жазамыз, ар жағын көреміз.
Сондықтан бұл аймаққа жарықтың енді қашан жететіні белгісіз. Ал полиция қызметкерлері қылмыскерлерді іздеп жатырмыз дейді. Олар алдымен метал қабылдайтын орындарды түгел тінтіп шықпақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!