Сарапшылар отандық көліктерге қайта сұраныс артатын уақытты атады
Сарапшылар өтпей жатқан отандық көліктерге қайта сұраныс артатын уақытты атады. Болжам бойынша, тоқырап тұрған сала күзге таяу еңсе тіктеуі мүмкін. Сондықтан алдағы жарты жылда автомобиль нарығы дағдарысты бастан өткермек.
Автор: Жәудір Оразхан
19.04.2016
Сала білгірлері зауыттарда жұмысшыларды қысқарту болмайды деп сендіруде. Бірақ, биыл Қостанай мен Өскеменде құрастырылған темір тұлпарларға сұраныс екі есеге азайыпты. Сәйкесінше, қос кәсіпорындағы өндіріс те айтарлықтай төмендеген. Бюджеттен отандық автоөндіріске қолдау ретінде 15 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Азаматтар осы ақшаға елімізде құрастырылған көліктерді жеңілдетілген несиеге алуы тиіс еді. Алайда, Үкіметтің бұл қамқорлығынан да қайыр шамалы сыңайлы. Жалпы, былтыр отандық үш зауытта құрастырылған 14 мыңға жуық көлік сатылса, биыл бұл көрсеткіш те екі есеге төмендеген. Отандық машинаның құны 3 миллион теңгеден басталып, бизнес класстар 17 миллион теңгеден асады.
Андрей Лаврентьев, Қазақстандағы автомобиль бизнесі қауымдастығының президенті:
-Меніңше автонарықтағы жағдай қыркүйекке қарай реттеледі. Сұранысты арттыру үшін тағы екі бағдарлама дайындаудамыз. Жеңілдетілген несиеден бөлек, ескі көлігін тапсырғандарға жаңа машина сатып алу үшін сертификат береміз. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап елімізде құрастырылған темір тұлпарларды Ресейге экспорттаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!