Депутаттар тек Тәуелсіз Қазақстанның тарихын оқытқысы келетін Білім министріне қарсы шықты
Білім министрі болғалы сыннан көз ашпаған Ерлан Сағадиевтің кезекті бастамасына бүгін депутаттар қарсы шықты. Еліміздің бас мұғалімі университет студенттеріне 1991 жылдың 16 желтоқсанынан басталатын Тәуелсіз Қазақстанның тарихын ғана оқытуға бекініп отыр. Ал халық қалаулылары Сағадиев қазақтың терең шежіресін бір күнде шорт кеспек деп алаңдаулы. Мәжілісмендер бүгін балаға екпе салуды бизнеске айналдырып алғандарға да шүйлікті. Өйткені, толық зерттелмеген препараттарды қабылдағаннан кейін, мүгедек болып қалған ұл-қыздың саны артып кеткен.
Автор: Жәудір Оразхан
20.04.2016
Бүгін жалпы отырысқа жиналған депутаттар ашулы. Олардың ызасына тиген Білім министрінің кезекті реформасы екен. Мәжілісмендер Ерлан Сағадиевтің «студенттерге тек тәуелсіз Қазақстан тарихын оқытамын» деген бастамасына наразы. Бас ұстаз толарсақтан қан кешіп, қазаққа бостандық алып берген ата-бабамызды жас ұрпақтың санасынан бір күнде сызып тастамақ деп қауіптенеді депутаттар. Сондықтан, Білім министрінің әлі де райынан қайтуын талап етті.
Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты:
-Біз өзіміздің төл тарихымызға осыншама іштарлық жасап отырғанымызды түсіну қиын.Тарих пәнін мейлінше кең көлемде тереңдетіп оқыту қажет. Кейбір көршілес мемлекет басшыларының аузынан:«Қазақстанда бұрын мемлекеттілік болмаған» деген суық сөздерді естіп қалып жатырмыз. Егер біз өз тарихымызды білмесек, басқа мемлекеттерге біздің тарихымызды қалай мойындатып, қалай сыйлата аламыз?
Бірақ, министрдің бұл жанайқайға құлақ асатын түрі жоқ. Қазір үш университетте «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» атты жаңа пән сынақ ретінде оқытылып жатыр. Яғни, ондағы студенттер еліміздің тек 1991 жылдан бергі шежіресін танып-білуде. Тіпті Қазақстанның тарихы мемлекеттік емтиханнан да алыныпты. Депутаттар өткенімізді түгендеп болған соң, болашақтың мәселесіне ауысты. «Ақ жол» партиясындағылар мүгедек балалардың тағдырына алаңдап отыр. Айтуларынша, екпеден кейін майып болып қалған ұл-қыздың саны артқан. Әрбір мүгедек үш баланың бірі дәрігердің қателігінен денсаулығынан айырылса, 3 пайызы екпенің кесірінен жарымжан болып қалған.
Меруерт Қазбеков, Мәжіліс депутаты:
-Мәселен, бізде пайдаланылатын папиллиомаға қарсы препарат толық зерттелмеген. Бұл дәріге АҚШ-та жұрт жаппай наразылық танытқан болатын. Ал, мұндай түсініксіз препараттың елімізге қалай өтіп кеткені белгісіз. Әрине, бұның артында біреулердің тұрғаны анық.
Депутаттардың бүгін аяқ асты екпеге қарсылық білдіруінің өз себебі бар. Өйткені, үш күннен кейін емханаларда түрлі ауруға қарсы жаппай екпе салу науқаны басталады. Дәріні екі айлық баладан бастап, он алтыдағы жасөспірімдерге дейін қабылдауы тиіс. Екпе мемлекет есебінен тегін жасалады.
Депутаттар дәрігерлер балаға екпе салмас бұрын, ата-аналарға міндетті түрде препараттың кері әсері болатынын да ескертуі қажет дейді. Яғни, үлкендер қауіп-қатерден хабардар болған соң, жазбаша түрде келісім беруі тиіс. Сондай-ақ, бүгін дау туғызған «Қазақстанның тарихына» келсек, мәжілісмендер студенттер түгілі, шетелдіктерге азаматтық бермес бұрын, сырттан келгендерден ел шежіресіне қатысты емтихан қабылдауды талап етпек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!