Таразда 90-ға таяған кейуананы баспанасы үшін киллер жалдап өлтірмек болған әйел сотталды
Алайда пәтерге бола ажал құша жаздаған жалғызбасты зейнеткер 7 жарым жыл қылмыскер үшін аз мерзім деп отыр. Сондықтан апелляциялық шағым түсірмек. 88 жастағы әжейдің шытырман оқиғасы мұнымен бітпек емес. Қазір ол алаяққа алдырып қойған 1 млн. теңгесін даулап жүр. Өмірінің соңында қаскөйлермен алысқан кісімен тілшіміз Руслан Әбдіхалық тілдесіп қайтты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.04.2016
Валентина Басова былтыр Мерибан Омарова деген келіншекпен танысқан. Ол жалғызбасты зейнеткердің іші бауырына кіріп, өзін мейірімді жан есебінде көрсетіпті. Алайда қамқоршы кейпінде жүрген жанның ойы бұзық болып шығады. Тіпті баспананы өз атына меншіктеу үшін қарт кісіге у бермек болған. Небір құйтырқы әрекеттерден аман қалған әжей ақыры үш-ақ күндік танысына алданып тынады.
Валентина Басова, зейнеткер:
-Ол маған қарайласатын болып келіскен. Бірақ алдын ала пәтерді қалай рәсімдеуге болатынын білу үшін нотариуске барып келейік деп өтінді. Ол мені дуалады ма түсінбеймін. «Мақұл» деп барып едік, ақша алдым деген жерге, тағы бір жерге қол қой деді, мен қоя салыппын. Сөйтсем ол алаяқ мені тақырға отырғызыпты.
Зейнеткер алаяқ әйелді сотқа беріп, пәтерін қайтарып алған. Алайда 54 жастағы келіншек кейуананың көзін құртуға енді киллер жалдайды. Сөйтіп, әжеймен көрші тұратын жігіттерге 150 мың теңгеге тапсырыс берген. Бірақ мұндай іспен айналысып көрмеген азаматтар дереу тәртіп сақшыларына хабар жеткізеді. Ал әйелді қылмыс үстінде құрықтау үшін пәтер иесінің өлімін қолдан ұйымдастырып, өзін баскесерлерге ақша беру кезінде тұтқындаған.
Тараздықтардың жағасын ұстатқан оқиғаға соңғы нүкте қойылды. Мерибан Омарова енді 7 жарым жылын темір тордың арғы жағында өткізбек. Оның дүние мүлкі де тәркіленді.
Жалғызбасты зейнеткерді тағы бір келіншек алдап соққан. 1 млн. теңгесін қарызға деп алған полицияның бұрынғы қызметкері оны қайтаруға құлықсыз екен. Кейуана енді оны да сотқа сүйремек. Ал өзінің ешкімі жоқ болса да қарттар үйіне барғысы келмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!