Астанада «25 қайырымды іс» шарасы ардагерлерді ұлықтаудан басталды
Астанада соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп жатыр. «25 қайырымды іс» деп аталатын шараны қолға алған кәсіпкер келіншектер 25 ардагерге тосын сыйларын таратуға кірісті. Одан бөлек, майданда ерлік көрсеткен қариялардың үй шаруасына да қолұшын беруде.
Автор: Досжан Маратұлы
02.05.2016
Қолдарына гүл шоғы мен сыйлық ұстаған Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері. Жеңіс күні қарсаңында Астанадағы ардагерлердің үйіне кіріп, құттықтауға кіріскен. Тіпті, үй жинайтын қызметшілерді де ерте келіпті.
-Мерекеңізбен! Мынау сізге шәй ішіңіз.
-Рахмет!
Күтпеген жерден сыйлық алып, қуанып жатқан Әзімбай ата. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тумасы. 1943 жылы мектепті аяқтамастан майданға аттанған бозбала бүгінде тоқсаның торқасына шығып, 27 немере мен 54 шөбере сүйіп отыр.
Әзімбай Майриков, соғыс ардагері:
-Жас болсақ та байланысшы болдым. Күні түні сөз тоқтамасын деп сол хабарды жалғап тұрдық. Өйткені, бомба түседі танкі үзіп кетеді. Соны түн болса да барып жалғауымыз керек.
Ардагер ата осылай сұм соғыс туралы айтып жатқанда, қыздар үйді тазалап шықты. Шаң сүртті терезе мен еденді жуып бір сағатта пәтер ішін тап-тұйнақтай етті.
Меруерт Үсербаева, Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:
-Биыл ардагерлерге ерекше көңіл бөлдік.Әкімдік 25 ардагердің тізімін берді. Соларды мерекесімен құттықтап, қуантуға тырысып жатырмыз.
Кейін іскер әйелдер Әзімбай ата сияқты өзге де ақсақалдарды құттықтап шықты. Осылайша 25 ардагерге тосын сый жасауды қолға алған келіншектер мамырдың 10-ына дейін 25-қайырымды іс істемек ойда
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!