{metadescription}

Алматыда өзендер тағы арнасынан асып жұртты әбігерге салуы мүмкін

Төрт күннен бері толассыз жауған жаңбыр алматылықтарды әбден әбігерге салуда. Табиғаттың тосын мінезінен өзендер арнасынан асып, үйлерді су басып жатыр. Мәселен Алатау, Жетісу аудандарында жүздеген баспананы қызыл су шайып кетті. Залал келген аудандарға құтқарушылар мен техника тартылып, аулалар лайдан тазартылуда. Ал төтеншеліктер өзен арналарын нығайтуға кіріскен. Себебі, ауа-райын болжаушылар алдағы аптаның тағы да жауынды болатынын ескертті.

Өткен жұмада басталған нөсер жауын Жетісу ауданы тұрғындарын есінен тандыруда. Арнасынан асқан Есентай өзені жағалауға жақын орналасқан жетпістен астам үйді шайып өткен. Тізеден асатын қызыл су тіпті  баспаналардың ішіне дейін кіріп кетіпті. Жұрт бар дүниесін тастап, тым-тырақай қаша жөнелген.

Қайрат Ибрагимов, Алматы қаласының тұрғыны:

-Белге дейін келді. Осы жерге дейін келді ғой судың деңгейі. Қорқынышты, сондай суық. Бала-шағаны алып қаштық далаға. Заттар шашылып жатыр.

Тасқынға тап болған тұрғындар енді ғана естерін жиып, үйлеріне орала бастады. Барлығының да дүние-мүлкі дымқыл тартып, жарамсыз болып қалған. Сондықтан бір күнде бар жиған тергенінен айырылған жұрт жыларман күйде. Қазір абдырап қалғандарға құтқарушылар мен ішкі әскер сарбаздары көмектесіп жатыр. Олар аулаларды лайдан тазартып, ілкіген суды сорғызып тастауда. Ал толарсақтан саз, тірсектен су кешкендер көрші-қолаңды жағалап, тамыр-таныстарының үйінде түнеп жүр.

Руслан Мырзабаев, Алматы қаласының тұрғыны:

-Таңғы алтыда басталды. Бір он минутта бізді басты су. Заттарымыздың бәрін су басты.

Дәл осындай азапты Алатау ауданындағы Алғабас ауылының тұрғындары да тартып жатыр. Былтыр ғана жұртты бір шулатқан Қарғалы өзені биыл да қыңыр мінез танытқан. Арнасынан асқан жауын суы жан-жаққа жайылып, жақын маңдағы үйлердің ауласын басыпты. Салдарынан тұрғындардың тұрмыстық техникалары түгел істен шығып, қора-қопсы қара балшықтың астында қалды. 

Ғалия Мүбәракова, Алматы қаласының тұрғыны: 

-Бүкіл затым бүлінді. Тоңазытқыш істемейді. Телевизор істемейді.. Газ пешім істемейді. Қоқысқа тастадық. Үйдің ішіне су кіріп насоспен сорғызып, үш күннен бері жуып әрең болды. Мына жігіттер тазалап жатыр, су сарылдап ішіне ағып жатыр.

Тізеден келетін батпақта аяқ алып жүру мүмкін емес. Соған қарамастан мұнда үш күннен бері төрт жүзге тарта адам мен жүзден астам техника тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Олар сіркіреген жауынға қарамастан су басқан аулалардан мың жарым тонна лай шығарып, үш мың текше метр су сорғызған.

Нұрлан Мадияров, Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Нөсерлі жауыннан Есентай өзені арнасынан асып Жетісу ауданындағы жағалауға жақын орналасқан 77 үйді су басты. Алатау ауданында 41 аула қызыл судың астында қалып отыр. Себебі мұндағы Қарғалы өзенінің үстіне тым тар көпірлер салып тасаған. Соның кесірінен жауын суы арнаға сыймай, жан-жаққа жайылып кетті.

Мемлекеттің миллиондары жұмсалған сол көпірлер енді ағын судың алдын бөгегені үшін түгелдей талқандалып жатыр. Сондай-ақ өзен арнасы қоқыстан тазартылып, жағалауы құм толтырылған қаптармен бекітілуде. Өйткені апаттың айтып келмейтіні белгілі. Мәселен соңғы үш күнде жауын-шашынның бір айлық мөлшері түскен. Ал ауа райын болжаушылар осы апта тағы да нөсерлі болатынын ескертті.

Қызыл судың астында қалған бұл үйлердің барлығы да Қарғалы өзеніне тым жақын орналасқан. Алайда заң талаптары бойынша кез-келген құрылыс жағалаудан 35 метр қашықтықта салынуы тиіс екен. Сондықтан болашақта бұл нысандардың барлығы да сүрілуі мүмкін. Алайда жергілікті әкімдік оған әзірге бас қатырып жатқан жоқ. Себебі олардың қазіргі басты міндеті аулалар мен көшелерді лайдан аршып алу. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

20 наурыз

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.