Шымкентте жолақысының қымбаттауы үлкен дауға ұласты
Шымкентте қала ішіндегі жолақы қымбаттады. Тасымалдаушы компаниялар мен шенеуніктер ақылдаса келе оны 50 теңгеден бірден 70-ке көтеруді жөн санапты. Олар әдеттегідей баға көтерілуін қосалқы бөлшектердің қымбаттауымен түсіндіреді. Ал, жұрт мәдениеттен жұрдай жүргізушілер тізгіндейтін лас автобустарда жүру үшін 70 теңге тым көп дейді. Жұрттың назы мен шенеуніктердің уәжін Бек Әбиев тыңдап қайтты.
Автор: Бек Әбиев
03.05.2016
Әдетте аялдамада шүйіркелесіп тұратын Шымкент тұрғындарында үш күннен бері күңкіл көп. 1 мамырдан бастап жол жүру құнын бірден 20 теңгеге көтерілген. 50 теңге төлеп жүрген жолаушылар енді бір бағытқа қарай 70 теңге беруі керек.
-70 теңге қымбат. 5 теңге қосса, 20 теңге қалтамызға өте ауыр.
-Зейнетақыңыз қанша өзіңіздің?
-30 мың.
-Оның қаншасы кетейін деп тұр жол ақысына?
-20 мыңы.
-Ай сайын ба?
-Иә.
Жаңа талап бойынша студенттер 50 теңге төлейді. Алтын, күміс алқа иегерлеріне жүру баяғыша тегін. Ал 15 жасқа толмағандар үшін 35 теңге.
Айдос Ықылас, студент:
-Ал, студент билетін көрсеткен жағдайда бізге боғауыз сөздер айтып, түсіп қал деген әңгімелер қозғалады. Дау-дамайлар туып жатыр. Бізге студенттерге тиімсіз боп жатыр.
Жалпы, шымкенттік автобус жүргізушілерінің мәдениеті мен көлік жүргізу мәнері туралы жыр жазуға болады. Кестеден қалып бара жатса бағдаршамның қызыл түсіне өту де, қарсы бағытқа шығып кету де қалыпты жағдай. Тіпті, жолаушыға таласып кондукторлары да төбелесіп алады.
Ал атқамінерлер 70 теңгн бір жыл бойы сараланып, әбден таразыланған баға дейді. Тасымалдушы компаниялар тіпті қыруар қарызға батып жатқанын айтып, 85 теңгеге дейін көтеруді ұсынған көрінеді.
Жарқын Байдуллаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
-Әр компания жылына 20 пайыз өздерінің автопаркіндегі автобустар санын жаңартып отыруы керек. Ескі тарифпен ол мүмкін болмай қалды. Олар үшін қиын болды.
Соңғы мәрте Шымкентте жолақысы 2012 жылы қымбаттаған. 35 теңгеден 50-ге көтерілген кезде де жұрт шулап, дау туындаған-ды. Шенеуніктер ол тұста енді жүргізушілердің мәдениетін арттырып, автобустардың сапасын көтереміз деп уәде еткен. Бірақ бұл жолы ақжағалылар тек қоғамдық көлікті жаңартамыз деген сөзбен ғана шектеліп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!