Оңтүстік Қазақстанда сотталғандар футзалдан прокурорларды ойсырата жеңді
Оңтүстік Қазақстанның ең қатаң тәртіптегі түрмесінде футзалдан жарыс ұйымдастырылды. Жазасын өтеп жатқандар прокуратура және қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлерімен шағын футболдан бақ сынасқан. Сайдың тасындай деп іріктеліп әкелінген прокурорлар мен абақты қызметкерлері сотталғандардан оңбай ұтылды.
Автор: Бек Әбиев
04.05.2016
Жазасын өтеушілер мен прокурорлар алдымен бірге дайындық жүргізді. Заң өкілдері еркін доп тепсе, сотталғандардың олардың жанында сескеніп жүргені көрініп-ақ тұр. Азды-көпті дене қыздырудан кейін бұрын кісі өлтіріп, наша тасығандар мен прокурорлар ойынды бастап кетті.
Жазасын өтеп жатқандардың аяқ алысы ширақ екен. Прокурорлардың адымын аштырған жоқ. Шабуылды үдеткен сотталушылар ақыры 3 доп айырмасымен жеңіп кетті.
Ерлан Мұқатаев, прокурор:
-Біз енді жақсы ойнайды деп естігенбіз. Бірақ, 4:1 қылып жеңеді деп ойлаған жоқпыз.
Бронислав Бусаковский, жазасын өтеуші:
-Жалпы өз арамызда аптасына үш мәрте ойнап тұрамыз. Командамыз да тәуір жасақталған. Бірақ, прокурорлармен ойнайсыңдар дегенде әуелі сескендік. Алайда алаңға шыққан соң қорқыныш бірден басылды.
Бұлар прокуратураны ойсыратса, екінші топ қылмыстық атқару жүйесі құрамасын 5:1 есебімен жеңді. Қызметкерлері үшін қынжылса да түрме басшылары енді жеңімпаздарға қандай сый тарту жағын ойластырып жатыр.
Шаймерден Есенкелдиев, 167/9 қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінің басшысы:
-Марапаттаудың түрлері қысқа мерзімді кездесулер. Сыйлық болғанда бірінші қажетті заттар яғни олар бірінші жуынатын, темекі, шәй.
Турнирден кейін қос тарап та енді мұндай жарыстарды жиі өткізіп тұруға уағдаласты.
Прокурорлар мен қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерін шаң қаптырып кеткен жазасын өтеушілер 1-ші және 2-ші орынды өзара бөлісіп алды. Алайда жеңімпаз болса да жеңіліс тапқандарға сыйлықты өздері жасапты. Енді жазасын өтеушілер қолымен жасалған мына бұйымдар прокуратура өкілдеріне бұйырмақ. Ал сотталғандардың өзі келесі ойында судьялармен ойнаймыз ба деген үмітпен қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!