Елімізде отбасын асырай алмаған танымал еркектерге дейін психолог жағалап жүр
Отбасын асырауға шамасы келмеген еркектер психолог жағалап жүр! Елімізде тұрмыс тауқыметіне төзе алмай, жүйкесі сыр берген азаматтардың саны артыпты. Жігері құм болған соқталдай жігіттер психолог мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Дәрігерлер үшін бұл табыс көзі болғанымен, олар жүйкесі жұқарған еркектерге ерекше алаңдаушылық танытып отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
04.05.2016
Тұрмыс тауқыметі алматылық ер азаматтарға қатты әсер еткен сыңайлы. Соңғы 1 жыл ішінде психологтың есігін қаққан отағасылар санының күрт өсуі осыған дәлел. Табыстың азаюы, отбасындағы қиындықпен басы қатқан олар осылай маманнан кеңес сұрауға мәжбүр. Қазір бір дәрігердің өзі айдың ішінде 10-нан астам жігітпен жұмыс істейді.
Күлмаш Елшібаева, психолог:
-Психологиялық көмек сұрайтын ер азаматтар соңғы кездері жиілеп келіп жатыр. Себебі, экономикалық жағдайға байланысты, отбасындағы материалдық жағдайға байланысты. Халқымызға белгілі ер азаматтар да бар. Олар да келеді.
Мұнда келушілердің жас шамасы негізінен 30 бен 50 жас аралығында. Көбі отбасын асырау қиындағанын айтып шағымданады екен. Жігіттердің бұлай жасуы психологтарды алаңдатып отыр.
-Қаражаттың жетіспеушілігі, жұмыстың болмай қалған кездері болды. Ешкім мәжбүрлемеді. Мен өз еркіммен келдім. Енді шыны керек ашуландым, қатты. Не істерімді білмедім.
Алматылық психологтарда осылай күнде қарбалас. Бір қызығы, отбасын асырай алмаған ерлердің психологқа ақшаны қайдан табатыны түсініксіз. Себебі, мамандардың бір сағаттық әңгімесінің құны орта есеппен 7 мың теңге. Ал, ең біліктілерінікі 25 мыңға дейін жетеді.
Ал ерлердің басына түскен күйзелісті жеңу үшін психологтың алдына кемі 3 рет бару қажет. Бірінші қабылдаудан қалпына келетіндер сирек. Тіпті, мұндай жағдайда астрологтар мен көріпкелдерді жағалап кететіндер де көптеп кездеседі екен. Ал күйзелістің алдын алу үшін текке күйгелектенбеудің әрі әйелдің еріне демеу болуының маңызы зор дейді мамандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!