Солтүстіктің диқандары жердің жалға берілуін құптап отыр
Солтүстік Қазақстандық диқандар да тек жанашыр иесі бар жер құнарлығын сақтап, төгілген тердің ризығын қайтарады деген пікірде. Мұндағы серіктестіктің осыдан 20 жыл бұрын жалға алған жерлері тиісті агротехнологияларды сақтаудың арқасында бұрынғыдан екі есе артық өнім бере бастаған. Енді олар осы алқаптарды біртіндеп жекеменшікке сатып алмақшы.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
04.05.2016
Тайынша ауданының «Вишневское» серіктестігіне тиесілі мына тракторлар жерді тырмалап, дайындық жұмыстарын атқарып жүр. Бүгін- ертең бұл алқапқа майлы дақылдар себіледі. Науқанды жылдағыдан ерте бастауға ауа-райының күрт жылуы себеп болған.
Василий Гаврилюк, агроном:
-Қазір тіпті үйге қарауға мұрша жоқ. Көктемнің бір күні жылға азық. Сондықтан алдағы екі-үш аптада алқаптарға тұқым себу науқанын аяқтауымыз керек.
Серіктестік жыл сайын 40 мың гектарға тұқым себеді. Осыдан 20 жыл бұрын гектарынан 10 центнерден өнім шықса, қазір бұл көрсеткіш екі есе өскен. Мұның бәрі жерге жаны ашып, тиісті агрошараларды атқарудың нәтижесі дейді мамандар.
Иосиф Грановский, бригадир:
-Күн сайын алқаптарды аралап, ылғал жабу, тырмалау, дәрілеу жұмыстарының қалай атқарылып жатқанын бақылап отырамын. Әйтпесе, жер құнарын жойып, ертең өнімділігіне әсер етеді. Жермен жұмыс істеу оңай емес. Оны қалай аяласаң, солай ризығын көресің.
Серіктестік 5 жылдан бері бұршақ тұқымдас дақылдарды егеді. Оған Таяу Шығыс елдерінен сұраныс бар. Тоннасына 200 мың теңгеден төлеп, әрі тауарларын танаптың басынан өздері әкетеді екен.
Павел Рафальский, Вишневское ЖШС директоры:
-Олар осы маңға май зауытын салмақ. Бұл бізге тиімді. Көлікке шығынданбаймыз. Сосын ол кәсіпорында біздің ауылдықтар да жұмыс істемек. Бұл да халық үшін тиімді деп ойлаймын.
Серіктестікте мал да өсіріледі. Бұл осында жұмыс істейтін 150 адамның қыста бос отырмай, қосымша нәпақа табуына сеп екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!