Алматы облысында байларға үй салып жатқан құрылысшылар жалақысын талап етті
Қалталыларға үй саламын деп қарызға батқан! Алматы облысында коттедж қалашығын тұрғызып жатқан құрылыс компаниясы жұмысшыларына миллиондап берешек. Айлап жалақы көрмеген олар бүгін ақшадан зарықтырған басшысын көргенде, түтіп жеуге аз қалды.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.05.2016
Қарызға батқан компания директоры күзетшілерімен бірге айғайы ащы құрылысшылардан құтыла алар емес. Шыдамның да шегі бар деген олар бүгін жұмыстарын тастап басшыға басты талабын қоюға шыққан. Өйткені бірі жарты жылдан аса, енді бірі 3-4 ай жалақы көрмепті.
Ернат Жақашев, құрылысшы:
-3 ай болды. Алажағым 800 мыңға келді. Төрт-ақ адамбыз істейтін бұл жерде, монтажниктер.
Қазір құрылыс алаңы толған коттедждер. Барлығын салып жатқан бір компания. Қаңқасына қарап қандай адамдар үшін салынып жатқанын аңғару қиын емес.
-Қалталыларға арналған бұл қалашықта әзірге 46 коттедж бой көтерген. Ал оны салған құрылысшыларға мердігер компания 17 миллион теңге қарыз. Бұл тұрғын үй алабында осындай тағы 220 коттедж бой көтеруі керек. Ал оның барлығын салып біткенше, қарыз көлемінің қаншаға дейін ұлғаятынын ешкім айта алмайды.
Жұмысшыларына сонау қыркүйектен бастап қаражат таппай, қиын жағдайға түскенін компания басшысы амалсыз мойындады. Тек, өзін кінәдан арылту үшін бар айыпты тапсырыс берушілерге аударып әлек.
Мейрам Жамилов, «Мейрамстрой» ЖШС директоры:
-Маған тапсырыс беруші төлеген жоқ ақша. Демалыста береміз деген. Төлеген жоқ.
Сөйтіп, мердігер жұмысшыларының алдында тағы уәде беріп, бір апта уақыт алды. Нешінші серті екенін өзі де білмейді. Егер осы жолғы уәдесі де құр сөз боп шықса, мәселемен заң органдары айналыспақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!