Ақтөбе облысында тәрбиешілер даладан табылған сәбиге ат қойды
Ақтөбе облысында жаңа туған сәбиін подъезге тастап кеткен көкек ана табылмай жатыр. Бірақ тәртіп сақшылары әзір іздестіруді тоқтатпайтындарын айтады. Ал сәбилер үйінің тәрбиешілері бөбекке азан шақырып ат қойып, тегін де берген. Сәуірде табылған баланың аты-жөні енді Әділет Сәуірбаев. Нәрестенің жағдайын тілшіміз Жаңалық Ахаш біліп қайтты.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.05.2016
Туа сала тастанды атанған бұл бөбектің тегін ойлап табуға сәбилер үйінің мамандары аса бас қатырмапты. Сәуірде туғандықтан Сәуірбаев атаған. Ал есімін қоярда анасы безінген сәбидің енді әділетсіздікке тап болмай өмір сүруін тілеп Әділет депті. Жақында оны қырқынан шығармақшы.
Гүлмира Есмұханбетова, сәбилер үйінің мейірбикесі:
-Алда қырқынан шығарамыз. Өзіміз қырық қасық суына түсіріп, тырнағын алып, шашын аламыз.
Әділет бір ай ішінде жарты келі салмақ қосыпты. Ұйқысы да тыныш.Осыдан тура бір ай бұрын нәрестені Қандыағаш қаласында тұрғындар подъезден тауып алған. Енді оны асырап алғысы келетіндер көп. Бірақ үш ай өтпей баланы ешкімге бере алмаймыз дейді сәбилер үйінің қызметкерлері.
Жанна Дастанова, сәбилер үйінің әлеуметтік педагогы:
-Басқа облыстан, Семей, Алматыдан хабарласып баланың жағдайын біліп жатыр. Бірақ біздер заң бойынша үш ай ішінде анасын іздеу керекпіз, күту керекпіз.
-Тасбауыр ана табылмаса асырап алуға рұқсат беріледі. Бірақ оны басқа облыстың тұрғындары ала алмайды екен. Өйткені Ақтөбенің өзінде екі жүзден астам адам кезекте тұр. Ал жыл басынан бері облыс бойынша 3 тастанды табылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!