Астанада құрылыс компанияларының басшылары сотталды
Астанада жүздеген адамды тақырға отырғызған құрылыс компанияларының басшылары сотталды. Үлескерлерден жарты миллиард теңге жинап алып, үйсіз қалдырған үш кәсіпкер енді ұзақ уақыт бостандық көрмейді. Ал осы бизнесмендердің сөзіне сенгендер әлі бала-шағамен қаңғып жүр.
Автор: Досжан Маратұлы
11.05.2016
Сот залына бет жүзін жауып кіріп жатқан «Шейх каз инвест» құрылыс компаниясының экс-директоры Ольга Шнайдер. Қасындағы сыбайластары Чекмұстафа Саидов пен Рамзан Багаев. Қулығына құрық бойламайтын бұл үшеу жүзден астам үлескерді алдап соққан. Яғни, «Хазірет» кешенін саламыз деп жұрттан 500 миллион теңге жинап қалтаға басыпты. Алайда, 9 қабатты тұрғын үй сол күйі салынбай, үлескерлер жер сипап қалған. Халықты жылатқандар бүгін сазайын тартты.
Виктория Семенова, судья:
- «Шейх каз инвесттің» директоры Ольга Шнайдер кінәлі деп танылып, 8 жыл бас бостандығынан айырылсын. Дүние мүлкі тәркіленіп, жазасын жалпы режимдегі түрмеде өтесін.
Шнайдермен қоса Саидов та сегіз жыл. басты сыбайлас Багаев тоғыз жыл арқалады. Ал үкімді тыңдау үшін сот залына сыймай қалған адамдар қазір пәтер жалдап, кісі есігінде күнелтуге мәжбүр.
Зоя Арысбаева, үлескер:
-Әкім жер береді дейді. Әркім әртүрлі айтады. Нақты ештеңе айтпайды. Мына жерден «үй аласыңдар» деп ешкім айтып жатқан жоқ.
Яғни, үлескерлердің ендігі үміті әкімдікте. Айтуларынша, сақалды құрылысты шенеуніктер аяқтап беруі керек. Бірақ, іргетасы да дұрыс қаланбаған тұрғынүйді қазір қамыс қаулап қараусыз жатыр.
Ал, жақында адамдарды алдап соққан тағы бір кәсіпкерге үкім кесілмек. Өйткені, бүгін атышулы «Әл-Баракат» компаниясының бұрынғы директоры Бақытжан Тойымбетовке қатысты сот басталды. Ол үлескерлердің 1 миллиардтан астам ақшасын жымқырғаны үшін айыпталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!