Алматыны жайпап өткен нөсер тағы қайталануы мүмкін
Алматы мен оның маңайындағы тұрғындарды толассыз жауған жаңбыр әбігерге салып жатыр. Таулы аймақта көшкін жүріп, үйлерді басса, қаланың төменгі жағы мен іргедегі Талғар тұрғындарының баспанасын қызыл су басып қалған. Қазір залал келген аудандарда лайдан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Ал құтқарушылар өзен арналарын нығайтуға кіріскен. Себебі, алдағы уақытта жауын-шашын жалғасуы мүмкін.
Автор: Олжас Байжан
11.05.2016
Үш күннен бері толастамаған нөсер әсересе тау етегіндегі үйлерге кесірін тигізді. Жаңбыр суынан жер жұмсартып, бүгін шамамен 2 мың текше метр көшкін Алатау ықшамауданындағы үйлердің бірін басып қалды. Салдарынан баспананың бір қабырғасы қираған. Көшкіннің жүруіне жардың шетіне салынған монша кешені себеп болса керек.
Равиль Шахмаев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Көршілес орналасқан нысан құрылыс қалдықтары төгілген жерде салынған. Сондықтан кез келген үй еңістен 50 метр жерден бой көтеруі тиіс болатын.
Қазір бұл маңды тазарту жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Себебі, көшкен лайды қозғаса, екі қабатты монша құлап, бірнеше үйдің тас талқанын шығаруы мүмкін. Ал қаланың төменгі бөлігі жаңбыр суымен күресуде. Арыққа симаған су аулаға жайылып, жертөлелерге жиналған.
Лариса Павлуцкая, Алматы қаласының тұрғыны:
-Осыдан бір сағат бұрын ғана құтқару қызметінің арнайы көлігі суды сорып алған. Бірақ қазір қайтадан су деңгейі көтеріліп кетті. Бұл - арықтарды жаңарту кезінде төмен емес, жоғары орналастырғанына байланысты.
Ал бұл Талғар қаласы. Таудан аққан Бесағаш өзені арнасына симай, көшелерді шайып кеткен. Үш баспана суға, ал онға жуық аула лайға толған. Жиған-тергені су астында қалып, есі шыққан жұрт апаттың алдын алуға болар еді деген ойда.
Анна Розинке, Талғар қаласының тұрғыны:
-10 күн бұрын тура осындай жағдай болған. Ол кезде су біздің үйді айналып өткенімен, төменгі көшедегі бірнеше үйге кіріп, онға жуық ауланы шайды. Күн ашылғанда осы апаттың алдын алу керек еді. Бірақ оның жасалмағанын көріп тұрсыздар.
Тасқынның зардабын тартқан тұрғындарға көмекке коммуналшылар мен құтқарушылар келген. Жұмысшылар тонналаған лайды күректеп шығарса, атқамінерлер резеңке етіктерін балшыққа салмай-ақ жұртқа кінә артудан тартынбады.
Дәулет Баталғазиев, Талғар қаласының әкімі:
– Арасы 3 күннен арнаны тазалауды бастағанбыз, тазалап үлгермедік. Бірақ айта кетуге болады, кеше тазалық жүргізген кезде халықтың өзінен де бар. Қоқыстың барлығын арнаға тастайды. Оны айтып та жатырмыз елдерге.
Су басқан саман үйлер енді тұруға жарамсыз. Ал тұрғындарына уақытша жатын орын беріліпті.
Толассыз жауған жауын соңғы 10 күнде талғарлықтарды екі мәрте әбігерге салды. Ал адасқан судың әзірге тынышталар түрі жоқ. Сондықтан бірінші кезекте өзен арнасы тазартылып, оның жақтаулары құм толтырылған қаппен емес, бетонмен бекітілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!