Алматы облысында жөндеуі ұзаққа созылған жол жұрттың ашуын келтірді
Қалаға жеткенше, көкала шаңға қақалады! Алматы облысында құрылысы бітпеген күре жолдан мезі болған жүргізушілер бүгін оны жауып, наразылық білдірді. Күн сайын көлігі бұзылып, өздері шаңға тұншыққан жұрт бұдан арыға шыдай алар емес. Ал жергілікті әкімдіктің қашанғыдай уәдесі дайын. Жолдың құрылысы тек жаздың аяғына бітуі мүмкін деп отыр олар. Тұрғындарды ашындырған қисық жолдың жайын Ербол Тұрымбет көріп келді.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.05.2016
-Бүгін ғана түнде барып, ақырын ғана жөндеп жатыр жолды. Ол жөндеген жол емес ешқандай. Жаңбыр жауған кезде, 5-6 машина жолға түсіп кетті, мысалы.
Алматыны маңайдағы шағын елді мекендермен байланыстыратын күре жол жүргізушілерді әбден мезі еткен. Амалы таусылғандар бар тірлігін ысырып қойып, бүгін жолды бөгеп тастады.
Әкімдіктегілер айғайымызды естісін деп, ақыры осындай әрекетке барды. Жұрттың айтуынша, жырым-жырым боп жатқанына 2 жылға жуықтаса да көңіл бөлген біреу жоқ.
Сұлтанқұл Сүлейменов, Байсерке ауылының тұрғыны:
-Не жолы жоқ, не белгісі жоқ. Екі-үш бала қайтыс болды осы жерде, мектеп жасындағы балалар. «ГАИ-лерің» тұрады мында кеп. Тоқтатып ақшасын алады да қайқаяды.
Былтырдан бері жасалып бітпеген жолдың бүгінде көкала шаңы бұрқырап жатыр. Су сеуіп амалдағанымен онысы бүкіл жолға жетпейді.
-Республикалық маңызы бар бұл жолда 5 минут тұрудың өзі мүмкін емес. Лезде тыныс жолдары тарылып, демалу қиындап барады. Мінекей, осындай күйдегі жолдың қашықтығы шақырымға шамалас. Ал осы жолмен күнделікті қатынайтын жолаушылардың жағдайын елестетудің өзі қиын.
Жүргізушілердің көлігін салдыратып, әбден титықтатқан жол негізі Батыс Қытай-Батыс Еуропа магистралінің бір бөлігі. Ал оны жергілікті әкімдіктегілер биыл салынып бітеді деп сендіріп отыр.
Нұрлан Құматаев, Іле ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазір бас мердігер «Догуш фирмасы» ЖШС. Олар 25-30 шақырымда жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта жауыннан кейін кішкене жолды шайып кетті. Сондықтан, түнде, бүгін таңертең тұрып жолды қалпына келтірдік.. Осы жаз айында өзінің толық кестесі бар, сол кестесі бойынша жолды тапсырады.
Десе де, бұл жерге әлі көпір де салынуы тиіс екенін ескерсек, мұндағы жұмыстың 3 айда бітеу қоюы кіталай. Өйткені көпір түгілі, тіреулері әлі тұрғызылмаған. Ал халықаралық магистраль құрылысы аяқталмайынша, мына жұртқа тегіс жолды көру бұйырмайын деп тұр. Яғни тұрғындардың оған дейін көліктерін қиратып, өздерінің шаң жұта тұруына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!