Ақтөбеде дәретхана шұңқырынан жаңа туылған сәби табылды
Тағы да әжетханадан жаңа туған шақалақ табылды. Бұл жолы оқиға Ақтөбенің іргесіндегі ауылда болған. Қыз баланы безбүйрек ана ауыл шетіндегі әжетхана шұңқырына қапқа салып тастап кетіпті. Тіпті кіндігін де кеспеген. Нәрестені қайта тұрғындардың бірі дер уақытында тауып алған. Қазір бөбек перзентханада жатыр. Ал көкек ананы тәртіп сақшылары іздестіруде.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.05.2016
-Ақтөбе іргесіндегі 25 қана шаңырағы бар мына ауылдың тұрғындары түннен бері дүрлігіп жүр. Әсіресе, шақалақ табылған дәретханаға қарауға дәттері шыдамайды. Ең бастысы, сәбидің аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр.
Түн ішінде тысқа шыққан Молдағали іңгәлаған бала дауысын естиді. Құлағын түріп, үн шыққан жаққа қарай бет алған.
Молдағали Орынбасар, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Баланың дауысы әжетхана жақтан естілді. Ішін ашсам бала жатыр. Шырылдап жылап жатыр.
Молдағалай нәжіс арасында жатқан сәбиді көрген бойда жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларына хабар берген. Бірақ олардың келуін күтпестен қолына сым алып, бала салынған қапты шығарады. Сол арада көршілері де жиналыпты.
Нұржан Аутқалиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Тұншығып қалмасын деп қапшықтың бетін ашып, оң қаратып бетін жоғары қаратып қойдым. Сонда кіндігі салбырап жатыр ұзын, дұрыс кесілмеген. Дәрігерлер келіп кесіп кеті.
Дәретхана тесігінен табылған қыз бала қазір перзентханада жатыр. Тексіз болмасын деп Мәншүк Мәметова деп уақытша ат беріпті. Салмағы үш жарым келі. Мамандар денсаулығының тәуір екенін айтады. Тек жарты сағат кеш табылғанда шетінеп кететін еді дейді. Себебі, шұңқырдан шығарғанда дене қызуы 31 градусқа дейін түсіп кетіпті.
Әлия Жанғалиева, Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының дәрігері:
-Қазір жағдайы жақсы. Дене қызуын төрт сағат дегенде әрең қалпына келтірдік. Кіндігін жедел жәрдем қызметкерлері кескен екен. Көзін ашып жатыр.
Туа сала баласынан жерінген көкек ананы тәртіп сақшылары іздеп жатыр. Ал тастанды қыз болса бір аптадай перзентханада болады. Анасы табылмаса кейін сәбилер үйіне жіберіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!