Үкімет атышулы Жер кодексін қайта қарауға кірісті
Елімізде үлкен дау тудырған Жер кодексін Үкімет ақыры қайта қарауға кірісті. Бүгін сол шулы құжатты терең зерделеу үшін Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия құрылды. Оған бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жетекшілік етеді.
Автор: Ербол Сейілхан
12.05.2016
Үкіметтік комиссияға әр аймақтан 75 адам кірген. Оның құрамында жауапты шенеуніктер, саяси партия жетекшілері, шаруалар, ғалымдар, оппозиция мен қоғам белсенділері бар. Алғашқы отырыс алдағы сенбіге, яғни 14-ші мамырда өтпек. Айта кетсек, жерді аукцион арқылы сату мен шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге қарсылық танытқан халық бірнеше қалада наразылыққа шыққан болатын. Жағдай ушыға бастаған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіне бір жылға мораторий жариялаған еді. Бұл даудан кейін реформаны жұртқа дұрыс түсіндіре алмаған Ұлттық экономика мен Ауыл шаруашылығы министрлері отставкаға кетті. Енді даулы құжат қайта қаралып, сату мен жалға беру жайы түпкілікті шешілуі тиіс.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
-Комиссия бiздiң азаматтарымыздың пiкiрталастарының барысы туралы барынша шынайы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық түрде алуы үшiн жұмыс iстейді. Бұдан бөлек, арнайы Jerturaly.kz порталы iске қосылып отыр. Порталда комиссияның жұмысы туралы барлық ақпарат жарияланады. Бұл сайтта адамдар көкейтестi сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын қалдыра алады. Қосымша арнайы Call-center жұмыс істейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!