Отанынан қашқан Ауғанстанның азаматтары Жамбыл облысынан кеткісі келмейді
Отанынан қашып, тыныштық іздеген Ауғанстанның 10 азаматы Жамбыл облысынан ешқайда шыға алмай жатыр. Олар жарты жыл бұрын шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ұсталған. Кейіннен арасындағы 6 ересек 6 айға шартты түрде сотталыпты. Яғни жаза өтелгенше Меркі ауданынан шықпауы тиіс. Ал ақшалары таусылған шетелдіктер енді қалай күн көрерін білмей дал.
Автор: Руслан Әбдіхалық
13.05.2016
Алты ауғандық бала-шағасымен екі айдан бері Меркідегі балалар лагерін паналауда. Өз еліндегі атыс-шабыстан ығыры шыққан олар 6 ай бұрын бас сауғалап, Ресей аспақ болған екен. Сөйтіп, тәжік әйел 20 мың долларға діттеген жерге жеткізуге сөз беріпті. Тәжікстан, Қырғызстан, тіпті Қазақстан шекарасынан кедергісіз өткен шетелдіктер Петропавлда ұсталған.
Вахидулла Сафари, Ауғанстан азаматы:
-Бізді алып жүрген әйел Петропавлдан Ресейге өту үшін бір қазақ келіншекпен тапсырды. Оған тағы 120 мың рубль бердік. Ол бәрімізді бір пәтерге жайғастырған. Сол жерден тәртіп сақшылары көріп қалды.
Ақыры полицейлер Ауған азаматтарын Жамбыл облысына жіберуге мәжбүр болған. Вахидулланың айтуынша, алаяқ әйел жергілікті полицейлерге ұсталған. Алайда ол ешкімді көрмедім, білмедім деп өзіне шаң жуытпаса керек. Ақырында алты ересек Меркідегі шекарадан заңсыз өткені үшін жарты жылға шартты түрде сотталды. Жаза өтелгенше осында болып, артынша депортацияланады. Бірақ ауғандықтардың кері қайтқысы жоқ.
Мансұр Хамаятурла, Ауғанстан азаматы:
-Біз жақта күнде жарылыс, өмір сүру қауіпті. Әке-шеше, тума-туыстың бәрі қаза тапты. Дүние мүліктің бәрін сатып кеттік. Егер бізді босқын деп таныса осында қалғымыз келеді.
Ал бұларды шекарадан өткізген 47 жастағы Ресей азаматы мен 29 жастағы қазақстандық анықталған. Енді оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Әзірге тек екі адамның аты-жөні белгілі. Қазір олардың бұл заңсыздықты қалай жасағандары тексерілуде. Ал Ауғанстан азаматтарына босқын мәртебесін беру мәселесі жазасын өтегеннен кейін ғана қаралады.
Осында екі айдан бері жатқан шетелдіктер жиып-терген ақшаларын түгел жаратып қойыпты. Бүгін соңғы екі мың теңгесіне азық-түлік әкелген олар, алдағы күндеріне алаңдаулы. Ал, ертең лагерь басшысы нысанды босатып берулерін сұраған. Бұл жығылған үстіне жұдырық болғалы тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!