Ақтөбе облысында сау малынан айрылған жұрт шенеуніктердің сауатсыздығына күйініп отыр
Ақтөбе облысында қауіпті індетке шалдықты деп жаппай сойылған 450 бас малдың 13-і ғана ауру болып шыққан. Оның өзінде аса қауіпті саналмайтын пастерреллез екендігі анықталыпты. Ал топалаң тиді деп алдын ала шошығын шенеуніктер Әлия ауылы тұрғындарының қорадағы соңғы бұзауды да қалдырмай етке өткізуге мәжбүрлеген. Жұрт енді, «шаш ал десе бас алатын» аудандағы шолақ белсенділердің кесірінен сау малымыздан айрылдық деп өкініп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.05.2016
Астаналық ветеринарлар Әлия ауылында белең алған белгісіз мал ауруының диагнозын үш апта дегенде әрең анықтады. Олар Зеңгі баба тұқымының пастереллезге шалдыққанын айтып отыр. Бірақ ең өкініштісі қоздырғыш вирус не бары 13 ірі қарадан ғана табылған. Ал аттандаған әкімдер жұрттың 450 бас малын сойдырып тастапты.
Асқар Жүсіпалиев, Қобда ауданының әкімі:
-Барлық 13 бас малдың материалынан пастереллез ауруының қоздырғыштары анықталған. Енді Әлия ауылының диагнозы малдың пастереллез болып шықты.
Шенеуніктер осылай сүйінші сұрағанымен, бір табын сау малдың бекер пышаққа ілінгеніне тұрғындар өкпелі. Өйткені, қора-қораны аралап аты жоқ ауруды айтып, етке өткізуге мәжбүрлепті. Енді шайға қатар сүт үшін қайта мал сатып алуға тағы да рұқсат бермей отыр.
Жансырқын Ерғалиева, Әлия аулының тұрғыны:
-Сатып алайық десек алдырмайды. Әзір болмайды дейді. Отырмыз осылай дүкеннің сүтімен. Балаларымыз бар. Айран ішу керек, сүт ішу керек.
-Әлия ауылының іргесіндегі бұл жерді жұрт мал моласы деп атап жүр. Өйткені пастереллез қоздырғышы табылған 13 бас сиыр осында көмілген. Етке өткізілген мүйізді ірі қараның да бас-сирағы мен терісі осындағы орға тасталыпты.
Енді шенуніктер тұрғындардан мал ауруына байланысты өтемақы дәметпеуді сұрап отыр. Өйткені пастереллез қауіпті індеттің тізімінде емес екен. Сондықтан ет комбинаты ұстатқан тиын-тебенді місе тұтқаннан басқа амалдары жоқ. Ал аурудың қайдан тарағанын мамандар сол күйі анықтай алмапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!