{metadescription}

Алматы облысында тұрғындар топан сумен өздері күресуге мәжбүр

Нөсер жауын Алматы облысының да жұртын есеңгіретіп кетті. Табиғаттың тосын мінезінен Іле ауданындағы бірнеше елді мекен зардап шеккен. Әсіресе, Қарасу ауылындағы жағдай қиын. Мұнда қырықтан астам ауланы қызыл су шайып, көшелер көлкіген көлшікке айналды. Толарсақтан су кешкен тұрғындармен тілшіміз Диас Нұрақын тілдесіп келді.

Толарсақтан су кешкен тұрғындарда түннен бері ұйқы жоқ. Кеше басталған нөсер жауын Қарасу ауылын көлге айналдырған. Арқырап аққан асау су қырықтан астам ауланы басып, көшелерге дейін жайылыпты. Жалаңаяқ саз кешкен жұрт апат салдарымен өздері арпалысуда. Өйткені бұл маңға ат ізін салған атқамінер жоқ.

Қанат Әсетов, Қарасу ауылының тұрғыны: 

-Жалынып отырып біз түнде екіде бір тракторды әкелдік. 15 минут жұмыс істеді де: «соляркам бітті қазір келем» деп аумин кетті.

Ауыл тұрғындары бұрын-соңды мұндай сұмдықты көрмедік деп отыр. Себебі, бұған дейін ауыл іргесінде су ағатын арна болған екен. Алайда атқамінерлер сол арықтарды жауып, жерді жеке қолға сатып жіберген.

Гүлнар Көлбаева, Қарасу ауылының тұрғыны:

-Каналдан басталды. Сол канал су ағу үшін әдейі жасалған. Соны жерді сатқан  әкімдіктің адамдары каналды тегістеп тастаған. Содан жауын суы үйдің бәрін басып қалды. 

Су басқан аумаққа бар болғаны екі техника келіпті. Оның бірі су соруға жарамсыз, екіншісі балшыққа батып қалды. 

-Кешегі жауыннан жиналған су Қарасудағы көптеген көшелерді осылай басып қалған. Мұндағы көлкіген көлшіктің тереңдігі тізеге дейін жетеді. Сондықтан тұрғындар бүгін жұмыстарынан қалып, бала-шаға үйден шыға алмай отыр екен. Ал қызыл суды сорғызып алу тіпті мүмкін емес. Сондықтан жергілікті билік бүгін жанталасып арық қазып, аулаларды басқан суды ағызып жіберуге әрекеттенуде. 

Сондай-ақ, төтеншеліктер тегістеліп кеткен арықтарды да қайта қалпына келтіруді көздеп отыр. Ол үшін арнайы комиссия құрып, мәселені екі аудан басшысы бірге шешпекші.  

Анаят Мәсімов, Іле аудандық ТЖБ бастығы:

-Жақын жерде Талғар ауданына қарасты жүгері алқабы бар. Ондағы суағарлар бітеліп қалған. Сондықтан қазір 2  ауданның әкімдері комиссия құрып, арықтарды қайта қазу мәселесін қарастырып жатырмыз.   

Жаңбыр суынан жапа шеккен жалғыз Қарасу ауылы емес. Жалпы Алматы облысындағы Шамалған, Боралдай елді мекендері мен Достық саяжайы да табиғаттың тосын мінезіне тап болған. Ал ауа райын болжаушылар жауын-шашынның әлі де жалғасатынын айтуда. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

20 наурыз

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде