Тараз тұрғындары пәтер ішінде қолшатыр ұстап жүруге мәжбүр
Тараздықтарды да толассыз жауған нөсер тығырыққа тіреді. Көп қабатты үйдің төбесінен аққан су жертөлеге бір-ақ түскен. Ал бұқараның ескі үйдің жыртығын өз беттерімен жамауға шамалары жетпей жатыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.05.2016
Жұрт тіпті пәтердің ішінде қолшатыр ұстап жүруге мәжбүр. Сорғалаған суды ыдысқа тосып алудан басқа амал жоқ. Баспанадағы дүние- мүліктің бәрі жарамсыз. Бұл жағдай жылда қайталанатын көрінеді. Бірақ биылғы жауынның зардабы орасан дейді тұрғындар. Олар тозығы жеткен ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап, екі жыл бұрын атқарушы билікке өтініш жазған. Оған елең еткен де тірі жан болмапты. Ал ақжағалылар нысанға термомодернизация бағдарламасы бойынша жөндеу жүргізілмеуін ел қазынасынан ақша түспегендігімен түсіндіреді. Сол қаржының қашан аударылатынын шенеуніктер де білмейді. Сондықтан, тұрғындарға құдайдан ашық күнді тілеуден басқа амалы жоқ.
Ұлболсын Садықова, Тараз қалысының тұрғыны:
-Әрқашан сыз. Жаз болса тышқаны бар, масасы бар, бүргесі бар. Бүгін міне құбыр жарылды. Үйде тұру мүмкін емес. Киім, көрпе төсек ауыр бәрі сыз. КСК-ға ай сайын төлеп отырмыз. Ешқандай қарызымыз жоқ. Сонда да келесі жылы, арғы жылы дейді. Биыл тағы қалдық міне.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!