Алматыда жүздеген үйге лай көшкіні қаупі төніп тұр
Алматыда соңғы күндері 400-ден аса үйді су басқан, тағы 200-ден аса үйге лай көшкіні қаупі төніп тұр. Ал төтенше жағдай қызметкерлері апталап жауған жаңбырдың зардабын жоюмен күн-түн демей айналысып жатыр. Дегенмен, жүздеген тұрғын үй әлі де су астында қалып отыр. Құтқарушылар әрбір үйді аралап, тасқын суды далаға ағызумен әлек.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.05.2016
Өжет ықшамауданындағы біраз үйде қазір осындай жағдай. Арнайы техниканың көмегімен ауланы басқан суды арыққа ағызуда. Жалпы қалада ресми дерек бойынша Алатау, Түріксіб, Жетісу аудандарында 402 үйді су басқан. Ағын суды тазарту үшін 500-ден астам адам және 94 техника жұмылдырылыпты.
Нұрлан Мадияров, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
-Сәуір айының аяғынан бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір жағдай қалыпқа келе бастады. Әрбір үйді аралап, жағдайды бақылауға алдық. Қазір 100 шақты үйде судан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, тауға қарай шығатын көлік жолдары мен өзен аңғарлары да лайдан тазартылып жатыр. Мына жерде Ақжар тау шатқалынан 2 жарым мың текше метр тас аралас лай сырғыған. Бұндағы көлік жолын тазалап жатқандар ойда-жоқта тоққа түсіп қала жаздады. Жалпы тау аңғарында үздіксіз жауын салдарынан 38 жерде көшкін болыпты. Қаланың жоғары жағындағы Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандары әлі де қауіпті боп тұр.
Ринат Әміржанов, «Қазселденқорғау» ММ Алматы аймақтық пайдалану басқармасының бастығы:
-7300 куб топырақ түсті. Сол топырақты тазалауменен қаладағы гидротехникалық құрылғылар жаңбырдың жаууына байланысты суды өткізу, хабарлама жіберу – біз соның бәрімен айналысып жатырмыз.
Аталған үш аудан бойынша лай көшкіні қаупі төніп тұрған 200-ден астам тұрғынүйге «смс» хабар жіберілген. Жағдай ушыға қалса, барлығы қауіпсіз жерге көшірілмек. Ал ауа райын болжаушылар осы айдың 29-30-ы күндері тағы жаңбыр жауады деп болжап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!