Бюджет ақшасын сыйлық таратуға жұмсаған мемлекеттік мекемелер депутаттардың ашуын келтірді
Миллиардтаған теңге тағы игерілмей қалған. Министрлер мен әкімдер тұрғындардың тұрмысын түзеуге деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны тиімді жұмсай алмапты. Енді 7 миллиард астам теңге бос жатыр. Салдарынан қаншама баспана мен аурухана, мектеп салынбай қалған. Есесіне, прокурорлар қазынаның қаржысын еш аямапты. Бас прокуратура бір жылда түрлі мерекелерде бір-біріне сыйлық тарату үшін 108 миллион теңге жұмсаған. Мұны естіген депутаттар жағасын ұстады.
Автор: Жәудір Оразхан
19.05.2016
Бюджет қаржысына жауапты бірінші адам болғандықтан, шығын мен кіріс туралы есеп беруге Бақыт Сұлтанов келді. Қаржы министрінің қасында Үкіметтің өзге де мүшелері еріп жүр. Өйткені, депутаттар өздері бекітіп берген бюджеттің әр тиыны қайда жұмсалғанын сұрап, тергейді. Ал бар ақшаны ұқсата алмағандардың тізімін Президент ісі басқармасы, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрліктері бастап тұр.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-2015 жылы 7 трлн-дық бюджетте 7,8 млрд теңге игерілмей қалды. Бұл 2014 жылға қарағанда 4 есеге аз.
Ал, мемлекеттік қарыз 9 трлн 22 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, Есеп комитеті 459 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтапты. Яғни, шенеуніктер «қазына қаржысын пайдаландық» деп есеп бергенімен, іс жүзінде әлеуметтік нысандар мүлдем салынбаған. Ауруханалар жыл сайын дәрі-дәрмекті артығымен алып, қоймаларда босқа сақтайды. Медициналық қызметтің сапасын жақсартуға бөліген ақшадан да мүлдем жауап жоқ.
Гүлмира Исімбаева, Мәжіліс төрағасының орынбасары:
-Мәселен, тұрғынүй құрылысына бөлінген 39 млрд теңгенің 1 млрд-ы игерілмеген. Шенеуніктердің кесірінен қаншама адам пәтерсіз жүр. Бұған қоса 7 мектеп пен 7 аурухана салынбай қалған.
Бұл аздай, тендерге қатысатын кәсіпкерлер де бюджеттің қаржысын май шелпекке айналдырып алыпты. Былтыр бизнесмендер жалған құжат толтырып, бюджетке 1 трлн теңге салық төлемеген.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
-Яғни 484 мердігер мемлекет қаржысын алғанымен дұрыс жұмсамаған. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 409 млрд қаржы жұмсалған. Содан алынуға тиіс 130 млрд салық алынбаған. Мемлекеттік сатып алуды қарасақ, 1,5 трл қаражат кеткен, содан 430 млрд теңге салық алынбаған. Бұлар немене, сонда мемлекеттің қаржысын алып, жалған кәсіпкерлерге берген бе ?
Салықтан бөлек, былтыр Үкімет Ресейден Байқоңырды пайдаланғаны үшін төленетін ақыны да толық ала алмапты.
-Біз 115 млн долларды алдық па Ресейден?
-Доллармен толық алдық. Бірақ, теңгеге айналдырғанда 2 млрд жетпей жатыр.
-Неге біздің теңге аяқ асты арзан болып кетті?
Есесіне, прокурорлар бюджеттің қаржысын аямапты. Бас прокуратура бір-біріне сыйлық алу үшін мемлекеттің миллиондарын шашқан.
Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:
-Былтыр бас прокуратура 108 млн.қаржыны сый-сияпатқа жұмсаған. Не сонда бұл құқықтық мекеме емес, сонда сыйлықты кімге беріп жатыр? Нені үлестіріп жатыр? Бұл не деген шығын? Конституциялық кеңес өзі бас-аяғы 30 адам жұмыс істейді, 65 млн ақшаны шығындаған, сол біреуге сый беруге.
Ал, өңірлердегі әкімдер қазынаның қаржысын жұмсағанда ешбір тәртіпке бағынбайды екен. Мәселен, былтыр аймақтар 352 млрд теңгені заңсыз пайдаланған. Ол үшін әкімдер мен вице-министрлерге сөгіс жарияладық деп құтылды Қаржы министрі. Бұны місе тұтпаған депутттар, енді мемлекетке келген шығынды, бар ақшаны ұқсата алмаған шенеуніктердің өздері көтерсін деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!