Ақтауда мыңдаған адам қаржы пирамидасына сеніп, ақшасынан айырылып қалды
Қаржы пирамидасы тағы мыңдаған адамның қалтасын қаққан! Аңғал жұрт қашанғыдай жарнамаға сеніп, банктен алған несиесінің 40 пайызын «Финстатус» деген компанияға апарып беріпті. Келісім бойынша фирма бүкіл қарызды жабу керек болған екен. Алайда, ақпан айынан бері бірде бір төлем жасалмаған. Өйткені, «Финстатус» басшысы алаяқ деп айыпталып жатыр. Ал есеп-шоттары бұғатталған. Енді екі ортада банкке қарыз болып қалған тұрғындар фирмаға берген ақшаларын да қайтара алмай жүр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
20.05.2016
Мұң-мұқтажын айтуға жиналған ақтаулықтардардың бас-басына бір емес, бірнеше несиелері бар. Бәрі «Финстатус» компаниясының клиенттері. Мекеме жұрттың банктен алған несиесінің 40 пайызын алып, бүкіл қарызды жабуға уәде етіпті. Сенімге кіру үшін басында қарыз жабылған да екен. Бірақ кейін құзырлы орындар компанияның есеп шотын бұғаттап тастаған.
Амантай Серікбаев, Ақтау қаласының тұрғыны:
-«Финстатусты» прокуратура, салықшылар неге қарамаған?! Бұл жерде қаншама қарайған халық зардап шегіп отыр.
Оңай олжаға алданып, аяқасты белшеден қарызға батқандар саны Қазақстан бойынша 2 мыңнан асады. Мәселен, несиесі жабылмай, үстемесі көз алдарында өскен мына борышкерлер Алматыға әр аймақтан келген. Көбі «Финстатус» компаниясына қаржылық жағдайы қиындағаннан кейін жүгініпті.
Арман Изаев, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Мен Павлодардан келіп тұрмын, мында Талдықорғаннан, Талғардан, осы Алматының кісілері бар. Осы компанияға өз еркіммен келдім. Кредит төлей алмай қиын болып жатты.
Ал компания есеп-шоты ақпан айынан бері бұғатталып тұр. Ал директорына қатысты алаяқтық бабымен іс қозғалған. Қазір үйқамақта. Бірақ өзі мұны ешқандай алаяқтық санамайды. Айтуынша, Еуропа елдерінде бар кәсіп. Жұрттан алған ақшаны бизнес-серіктестеріне қарызға беріп, үстемесіне елдің несиесін жабады екен.
Александр Черненко, «Финстатус» ЖШС директоры:
-Негізі, мұндай компаниялар шет елдерде бұрыннан бар. Өзге қызметтерден түскен пайыздық үстемелер арқылы несиелерді жабамыз. Әрі халықтан алған ақшаны сақтандырып отырамыз. Ешқандай алдау жоқ.
Бірақ мұндай уәжбен құзырлы орындарды сендіре алмасы анық. Өйткені, «Финстатустың» тірлігі нағыз қаржылық пирамида дейді салықшылар. Сондықтан заң алдында жауап берулері тиіс.
Еділ Әзімшайықов, Алматы қаласы мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысы:
-Бұлардың қызметінің басты мақсаты – қарапайым адамдардың берген ақшасы арқылы, пайда көру. Басқа тұлғаның берген қаражатының арқасында, бір тұлғаның кредиттерін жауып отырған.
Қазір директормен қоса тағы 5 адам тергеліп жатыр екен. Сондай-ақ салықшылар «Финстатустың» тағы 10 фирмамен сыбайлас болғанын анықтапты. Соған қарағанда, алданған тұрғындардың саны 2 мыңмен шектелмейтін сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!