Шымкентте аялдамада тұрған бір топ баланы қағып өлтірген жүргізушінің рөлге отыруға құқы болмаған
Шымкентте бір топ баланы қағып кеткен жүргізушінің көлік тізгіндеуге құқы да жоқ екен. 19 жастағы жігіт аялдамада тұрған 8 адамды кеше таптап кеткен болатын. Салдарынан 4 жасар бала оқиға орнында көз жұмса, тағы жеті адам ауруханада жатыр. Олардың бесеуі балалар. Ал жүргізуші куәлігі болмаса да, әкесінің машинасымен жылдамдықты асыра жүйткіп, жол апатына себепкер болған жігіт қамауға алынды.
Автор: Бек Әбиев
20.05.2016
-Жантүршіктірерлік жол апаты Шымкент маңындағы Жаңаталап ауылында болды. Ирек жолдан жоғары жылдамдықпен өтем деген жүргізуші тізгінге ие бола алмай, аялдамаға келіп соққан. Бұл кезде мұнда мектептен қайтқан 6 бала мен екі ересек адам тұрған екен. Соққының қатты болғаны соншалық, бағана майысып, ал оны ұстап тұрған бетон жұлынып кеткен. Апат орнында балалардың қанға бөккен киімдері мен соққан көліктің қалдықтары әлі жатыр.
Көліктің астында қалған 4 жасар бала бірден жантәсілім етсе, жеті адам ауруханаға түсті. Олардың бесеуі 4 пен 9 жас арасындағы балалар. Қазір, дәрігерлер 6 жасар Құдірет Әбдіғаппардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Ақжол Әбдірайымов, Шымкент қалалық №1 балалар аурухананың бөлім меңгерушісі:
-Бас ми жарақатының ауыр дәрежесі. Соған байланысты бас миының ісінуі. Есінің бұзылысы. Баланың тұрақты жағдайға келтіру сол себепті болып жатыр.
Көліктің астына Құдіретпен бірге даярлық сыныбына барып жүрген өзінен бір жас үлкен ағасы мен анасы да түсіп қалған. Бірінші сыныптағы ағасы тәуір болған соң үйіне жіберілсе, 32 жастағы анасының жағдайы өте ауыр. Кешеден бері ес-түссіз жатқан Перизат Ибрагимоваға ота жасалыпты. Ал ұлы мен келіншегінің мұндай жағдайға душар болғанын күйеуі шет жақта жүріп естіген.
Рүстем Мектепбергенов, Жаңаталап ауылының тұрғыны:
-Нақты соққан адам қолмен істегенін басымен көтерсін. Еміне көмектессін. Соған қарап кешірім берем.
Ал жола апатының себепкері –Жаңаталап ауылының тұрғыны екен. 19 жастағы жігіт былтыр көлік жүргізу куәлігінен айырылыпты. Осы жолы әкесінің машинасын ұрлап мініп кеткен ол қазір тергеліп жатыр.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-2015 жылдың желтоқсан айында әкімшілік сотымен өз жүргізуші куәлігінен айрылған. Ол қазіргі кезде заңсыз рөлге отырып жүргені анықталып отыр. Ол жылдамдықты асырған және де автокөліктің рөлін игере алмай қалған. Салдарынан 8 адамды қағып кетіп отыр.
Апаттан көз жұмған бүлдіршіннің денесі бүгін жерге қойылды. Ал ес-түссіз жатқан ана мен баланы әлі бірнеше ота күтіп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!