Жер тағдырын көшеде емес, келісім үстелінде шешкен жөн
Мәселені келісім үстелінде емес, осылай көшеде шерулетіп шешкісі келген елдердің ешқайсында тыныштық болған емес. Бұған араб елдеріндегі, Украинадағы жағдай дәлел. Аш ішектей созылған соғыстың салдарынан тұрғындары күні-түні тек қарудың қаһарлы үнін естумен келеді.
Автор: Аруна Ортай
20.05.2016
Төрт дүниесі түгел, баяғыда-ақ дамып кеткен алып елдерге де керегі осы. Бейбіт шеруден басталған осы төңкерістердің соңы қанды қақтығыстарға, тіпті тұтас елдердің жойылуына әкелгені аян. Мұндай түрлі-түсті революциялар қалай дайындалады, кімнің ақшасына және қандай мақсатта деген сауалдарға жауапты тілшілеріміз іздеп көрді.
Соңғы онжылдықта көптеген мемлекетте болған төңкерістердің сценарийі бір-біріне ұқсас. Алдымен наразылық жалпыхалықтық сипат алып, санаулы күннің ішінде ауқымы кеңейе бастайды. Мәселен, 2001 жылы Сербия кейін Грузия, Украина, іргедегі Қырғызстандағы төңкеріс әу баста бейбіт шеру ретінде өткен. Араб елдеріндегі толқулар да, дәл осылай басталды.
Әрине, бұл жерде барлық технология қолданылады. Әсіресе, интернеттің ықпалы күшті. Алдымен сыртқы күштер халықты соңына ертіп әкететін көшбасшыларын алдын-ала әзірлейді екен.
Уильям Энгдаль, саясаттанушы (АҚШ):
- Көзге түскен 10-20 адамнан мықты лидерлер әзірлейді. Халықты көшеге шығарудың жолдарын іздеп, кез-келген даулы тақырыпқа араласа береді. Жанжал ушыққан кезде, sms, әлеуметтік желілер арқылы шерудің уақытын хабарлайды. Дәл осы кезде, CNN, BBC – арналары камераларымен оқиға орнына бәрінен бұрын жетеді. Сөйтіп, әлемге көшеге шыққан жастарды полиция соққыға жықты деп хабарлайды.
Уэйн Мэдсен, журналист (АҚШ):
-"Freedom House" «USAID» секілді халықаралық ұйымдар қырғи-қабақ соғыс кезінде құрылған. АҚШ Үкіметінің бақылауымен геосаяси жобалар әзірлеп, қақтығыстар ошағын іздеп, билік басына проамерикалық басшыны қоюға жанталасады.
Яғни, «адам құқықтары», «демократия» деген желумен әрбір мемлекетке кіріп, жастарына грант бөліп, қатарларына қоса бастайды. Алайда, көздегендері мүлдем басқа. Себебі жалынды қыз-жігіттер арбауға тез сенгіш. Аңғал.
Срджа Попович, «Отпор» қозғалысының жеткішісі: (Сербия)
- Сербиядағы революциядан кейін 37 елде төңкеріс жасауға атсалыстық. Түркия, Украина, Ливан, Египет, және Тунис. Бұл тізім жыл сайын толығып отырады.
Сол түрлі-түсті төңкеріс Орта Азия шекарасына да тиіп тұр. Десе де, мұндай құйтырқылыққа тек АҚШ барады деген қате пікір. Мұнай мен газдың үстінде отырған қазақ жеріне Америкасыз да көз алартып отырғандар аз емес. Бұл ретте жастардың миын улау ақпараттан басталады. Ол майданда Ресейдің ықпалы күшті. Жұрт сол елдің телеарналарын көреді, ғаламтордағы ақпаратты да көбіне Ресейден алады. Ал Қытайдың қызығушылығы әлімсақтан белгілі. Сондықтан «бейбіт» деп басталатын митингілерді кімдер ұйымдастырса да өз мүддесі үшін екені анық. Оған төңкерістен кейін де тыныштық орнамаған араб мемлекеттері, Украина мен Ливиядағы жағдай дәлел.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!