Астанада Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын жалғастырды
Бүгін Астанада Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын жалғастырды. Отырыста төрт жұмыс тобының жетекшілері іріктелді. Басқосуда тақырып ашық көтеріліп, комиссиядағы барлық азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып жатыр. Олар сол жерде нақты сұрағына министрлерден нақты жауап алуда. Жалпы, бүгінгі жиында «Ел азаматтарына жерді сату қажет пе?» деген сауалды талқыланды.
Автор: Жәудір Оразхан
21.05.2016
Жер мәселесін шешу үшін құралған республикалық комиссияның бұл екінші отырысы. Талқыға көшпес бұрын, төрт жұмыс тобының жетекшілері бекітілді. Экономикаға еліміздің бұрынғы бас агрономы, қазіргі ректор Ақылбек Күрішбаев жетекшілік етпек. Заңдағы құқықтық нормаларды қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан бастаған топ електен өткізеді. Ал
қабылданған шешімдердің орындалуына саясаттанушы Дос Көшім бас-көз болса, Мұрат Әбенов қоғаммен байланысты бақылайтын болды. Сөйтіп, бүгін комиссия мүшелері «Жерді Қазақстан азаматтарына сату керек пе?» деген сауалды да қызу талқыға салды.
Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Жер иеленушілерге нақты талап бар. Қалай болса солай иегерем, пайдаланам деген норма жоқ. Шектеудің бәрі заңда нақты көрсетілген.
Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев пікірлерді түгел тыңдап шықты. Ешкімнің де сөзін бөлген жоқ. Сондықтан сан түрлі ойлар айтылды.
Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі:
-Шаруаларға жерді тегін беру керек. Сосын олар туғанынан Қазақстан азаматы болуы керек.
Жерге қатысты нағыз қызу пікірталас өрбіді. Ешкім қызуқандылыққа салынбай, нақты ұсыныстарын айтты. Сөйтіп, билік пен бұқара көшеде емес, үстел басында келісімге келмек.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-Шекаралас жер жалға берілмесе деген пікір айтылды. Бұған дейінгі құжатта шекара туралы пункт бар. Бірақ, 3-5 км жердің айналасында беруге болады делінген. Ал заңда 100-200 км шекараның төңірегінен берілмеу керек деп жазу керек.
Жер реформасы туралы комиссияның жиыны өткендегідей таңнан кешке дейін емес, небары 3 сағатқа созылды. Бүгін құрылған топтар айтылған ұсыныстарды реттеп Парламентке өткізуі тиіс. Ал депутаттар Жер кодексін қайта қарағанда осы айтылғандарды ескеруі керек. Ал комиссияның келесі отырысында жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесі талқыланбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!