Петропавлда тұрғындары аула ішінен сауда орнын салуға қарсы шықты
Петропавлда тұрғындар аулаларына кезекті сауда орнын тұрғызуға қарсы шықты. Көпқабатты үйдің алдындағы жер негізі 10 жыл бұрын сатылып кеткен екен. Ал кәсіпкердің қолындағы құжаты түгел. Сондықтан жергілікті билік те араласа алмаймыз деп бастарын ала қашқан. Тұрғындарға енді соттасудан басқа амал жоқ.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
24.05.2016
Дайрабайдың көк сиырындай дау тудырған ұлтарақтай жер осы. Он жыл бұрын бұл телім небәрі 18 мың теңгеге сатылған екен. Есіктерінің алдындағы айналасы бір жарым сотық жерді қорғауға әдеттегідей кемпір -шал ғана емес, ер азаматтар да шығыпты. Бұл маңда онсыз да қаптап кеткен дүкендердің санын алға тартқан олар, кезекті сауда орнының құрылысына үзілді-кесілді қарсы.
Валентина Киселева, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Бір кәсіпкерге ешкімнің сөзі өтпей ме сонда? Қоршаудың кесірінен көлік кірмек түгілі, жаяу адам айналып өтетін жер қалмады. Біздің жағдайымызды кім ойлайды?.
Тұрғындар бұрын да осылай жиналып, бильярд клубын салдырмаған екен. Енді дүкен құрылысына қарсылық білдіріп отыр. Ашулы жұрт түсіндіру жұмысын жүргізуге келген қаланың бас сәулетшісіне де шүйлікті.
Қуат Тәжібаев, Петропавл қаласының бас сәулетшісі:
-Негізі бұл жерге ештеңе тұрғызуға болмайды. Бірақ дүкеннің эскиздік жобасы бекітілген. Барлық құжаттар заңды. Енді бұл мәселені тек сот арқылы шешесіздер.
Шенеуніктен мұндай сөз естіген тұрғындар жағасын ұстады. Яғни олар өздерінің берген рұқсаттарының заңсыз екендігін мойындап, мәселені шешуді халықтың өзіне артпақшы. Әрі адвокатты да тұрғындар өз есебінен жалдап, соттасуы тиіс екен.
Иван Ковалев, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Әкімдікке талай рет бардық. Өйткені заңға сай бұл жерге ештеңе тұрғызуға болмайды. Бірақ мына сәулетші соған қарамастан бәріне қол қойған. Енді мәселені өздерің шешіңдер деп бізді мазақтап тұр.
Алайда сәулетшінің одан әрі халықпен тілдескісі келмеді. Тек жуырда тексеру бастап, құрылысты уақытша тоқтатуға ғана уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!