Үкімет жұмыссыздыққа қарсы ауқымды күрес жариялады
Үкімет жұмыссыздық мәселесін шешуді қолға алды. Әлеуметтік даму министрлігі ауқымды бағдарлама әзірлеп, екі қолға бір күрек таппай сенделгендердің санын азайтуға мықтап кірісті. Тіпті сұранысқа ие мамандықтарға грант санын көбірек бөлмекші. Кейбірін тегін оқытуға дайын. Тек азаматтардың жұмыс істеуге ынтасы болса жеткілікті. Досжан Маратұлы нарықтың қандай кадрға зәру екенін біліп қайтты.
Автор: Досжан Маратұлы
24.05.2016
Жаһандық экономикалық дағдарыс жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соқтыратыны заңдылық. Сондықтан жұмыспен қамту орталықтарында екі қолға күрек іздегендер саны еселеп артқан. Шенеуніктер үміттеніп келген мыңдаған тұрғынның бетін қайтарып жатқан жоқ. Қолдан келгенше, бос вакансияларды тауып беріп, адамдарды қуантып жатыр.
Мөлдір Серікова, Астана қаласының тұрғыны:
-Жұмыс табылды жұмысқа тұрып жатырмын.
-Қанша іздедіңіз жұмысты?
-Көп емес. Бір апта іздедім.
-Қандай мамандық?
-Мейірбике боламын.
Бірақ, Мөлдір секілді табылған жұмысқа бел шеше кірісіп кететіндер аз. Жалақысын азсынып түрлі сылтау іздейтіндер көп. Әкімдік оларды қайта оқытып, нарыққа керек мамандықты игеруге кеңес беруде.
Бағила Орынбетова, Астана қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:
-Көбіне жастар келеді. Олардың мамандықтары көбінде заңгер, есепші яғни, қазір сұранысқа ие емес мамандықтар. Сондықтан жұмысқа тұра алмай қалып жатыр. Бірақ жәрдемдесеміз.
Қазақстандағы жұмыссыздар саны Еуропамен салыстырғанда ушығып тұрған жоқ. Ондағы жағдай біздікінен тіптен сорақы. Әсіресе, Испаниядағы жұмыссыздық деңгейі 20-пайыздан асып, дағдарыс жайлаған. Ал, екі қолға күрек таппай сенделген франциялықтар жаппай ереуілге шығып жатыр.
Ал Қазақстан жұмыссыздықпен жүйелі түрде күреспек. 7 мыңнан астам кәсіпорында сауалнама жүргізіп, қандай кадрлар қажет екенін зерттеген.
Дәулет Арғандықов, «Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық талдау орталығы» АҚ президенті:
-Дәл қазір 134 мыңнан астам жұмысшы қажет. Басым бөлігі техникалық мамандықтарға. Атап айтсақ, құрылысшылар, электрик пен дәнекерлеушілер. Және ауылшаруашылы мен білім және медицина салаларына да маман тапшы.
Ал, осы кадр мәселесін шешудің жолы табылыпты. Яғни, тапшылықты жою үшін сұранысқа ие мамандықтарға грант саны көбірек бөлінбекші. Әрі келесі жылдан бастап теникалық мамандықтарды тегін оқуға Үкімет жағдай жасамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!