Қарағанды облысының диқандары кәдімгі ноқатты экспортқа шығармақ
Қарағанды облысының диқандары кәдімгі ноқатты экспортқа шығаруға дайындалуда. Өнімге Индия, Біріққен Араб әмірліктері мен Түркия сұраныс білдіріпті. Сондықтан өңірдегі шаруа қожалығы бұршақ тектес дақылдың Арқа жерін жатырқамайтын түрін тауып, алқаптарға егіп жатыр.
Автор: Саят Сабдалы
25.05.2016
Бауыржан Рамазанов америкалық тракторға отырған бірнеше жылдан бері өзін шетелде жүргендей сезінеді. Басқаруы жеңіл, бастысы күні-түні тоқтамайды, жұмыс өнімділігі де өте жоғары. Биыл осы техникасымен 60 мың гектар жерді игермекші.
Бауыржан Рамазанов, механизатор:
-Мынау трактор 6 Т-4 ды айырбастайды. Күші 530 ат. Мынаумен түске дейін 50 гектар сеуіп тастаймын. Тәулігіне 200 гектар себеді.
5-ші мамырда басталған егін егу науқанын тура бір айда аяқтау жоспарланған. Сондықтан алқаптағы 4 бригада күн, түн демей жанталасуы тиіс. Бір метр тереңдікке жеткен ылғал арпа бидайдан бөлек егілген ноқаттың да мол өнім беруіне қолайлы. Өйткені осы науқанда олар бұршақ тектес дақылдың экспортқа бағытталған ірілеу түрін еккен.
Георгий Прокоп, шаруа қожалығының төрағасы:
-Осыған дейін ноқаттың ұсағын егіп көрдік. Жерсінді, өнімі де жаман болмады. Қазір мына ірілеу түрін Ресейден алдырып ектік. Ауа райы мен жердің жайы келіссе бұдан көп пайда көруге болады. Палаудың дәмін келтіретін ноқатқа бізде сұраныс аздау болғанымен, Таяу Шығыс елдері мұны іздеп жүріп алады.
Жаңа техника астық алуды жеңілдетіп, көптеген қолды жұмыссыз қалдырғаны анық. Сондықтан бүтіндей Шахтер ауылын асырап отырған қожалық биыл көкөніс отырғызу жағына да ығысып, елге жұмыс берсек дейді. Ол үшін Нұра өзені бойында суармалы алқаптар ашып, оларды арнайы құрылғылармен жабдықтаған.
-20 жылдан аса еңбек тәжірибесі бар Шахтер шаруа қожалығы ауыл іргесінен мынадай ғимарат салып жатыр. Бұл іші тоңазытқыштармен жабдықталған арнайы картоп сақтайтын қойма. Өйткені қожалық биылдан бастап картоп өсіруді мықтап қолға алғалы отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!