Алматы облысында ауыл халқы Астанадағы шенеуніктерден көмек сұрады
Жарығы жоқ, жолы жоқ, ауыл қайтіп күн көрер?! Алматы облысында Бәйдібек ауылының тұрғындары 5 жыл бойы не электр жарығын, не жөні түзу жолы көрмеген. О баста инфрақұрылымсыз қалдырмаймыз деген шенділердің сөзі осымен бесінші жыл орындалмай келеді. Енді қайыр болмаса, ауыл тұрғындары тура Астанаға барып шағымданамыз деп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.05.2016
Өзін осы ауылдың комендантымын деп таныстырған мына кісіні тұрғындар түтіп жеп барады. Көпшіліктен қаймықты ма, қайырылып көлігіне отырды да тайып тұрды. Басында бос жатқан бұл маңайға соңғы 5-6 жылдың ішінде қоныс тепкен үй саны 30-дан асыпты. Тек осынша уақыт бойы жергілікті әкімдік құрғақ шөппен ауыз сүртіп келеді дейді тұрғындар.
Нұргүл Дүйсенбаева, Бәйдібек ауылының тұрғыны:
- Қыста бір шал қайтыс болып, өлігін шығара алмадық. Не істеуіміз керек айтыңыздаршы? Біздің жан дауысымызға кім жауап береді?
Инженерлік желі атаулыдан жұрдай ауылда самаурынмен шәй қойып, қазан көтеру қалыпты жағдай. Анда-санда жарықтың жылт еткенін көру үшін әрбір үй мынадай генератор ұстайды.
Ербол Тұрымбет, тілші
-Бәйдібек ауылы осыдан алты жыл бұрынғы кейпінен ауыса қоймаған. Не жарықсыз, не жолсыз отырғандықтан өркениетті ауылдан гөрі бұл маңай шалғынды жайлауға көбірек ұқсайды. Жарықтың жоқтығынан тұрғындарға тұрмыстық техниканың да қажеті жоқ. тоңазытқыш, тоқшәйнек немесе мынадай теледидар секілділерді мұнда тек тұрмыстық қалдықтардың арасынан табуға болады.
Бұл жаққа бес жыл бойы жол салып, жарық жүргізуге бюджеттен ақша бөлінбепті. Бірақ мәселеге тілшілердің араласуы сол екен, жарық 15 күнде, ал жолдың мәселесі алдағы жаздан қалмай шешілетін боп шықты.
Сейітқұл Оңбаев, Нұра ауылдық округі әкімінің орынбасары:
-Жол мәселесін қазір біз көтердік. Күзге дейін шешеміз. Қазір санап қойдық жобаны. Осы 10-15 күннің ішінде түсіреді: трансформатор мен тоқты, және бағаналарын.
Алайда айналасы екі аптаның ішінде түгел жарық жүргізілетін жерге баған түгіл бір қазық қағылмаған. Ал әкімдік осы жолы да алдап соғатын болса, ауылдықтар облысты қойып, тура Астанаға барып арызданбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!