Алматыда топан судың астында қалған тұрғын үйіне акробаттық тәсілмен кіруге мәжбүр
Жауын астында қалған жалғыз үй! Алматыда үйін еңіс жерге салған жандар жаңбыр жауса болды, қызыл судың зардабын тартып жүр. Көктен емес, көшеден кірген тасқын салдарынан сыртқа тек терезе арқылы жүзіп шығуға мәжбүр. Амалсыздан акробат болған отбасы ауласы ендігі ауру ошағы айнала ма деп қорқады. Өйткені, бір аптадан бері тапжылмай жатқан жауын суынан құрттар шыға бастапты.
Автор: Аруна Ортай
25.05.2016
Советхан Қалқабаева бір аптадан бері Венециядағыдай күн кешіп жүр. Бірақ, мұндағы су қорқыныштырақ. Ішін құрт жайлап, 50-ден асқан әйел өз үйінен есік емес, терезе арқылы шығып жүр.
Советхан Қалқабаева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Мына үстелді қойып, көршінің қақпасымен былай қарай шығамыз. Сөйтіп, былай шығып кетеміз көрші арқылы. 53-ке келіппін қайтем енді, осылай жүрмін не істеймін енді?
Толассыз жауған жауын бүкіл ауданнан ағып, осы үйдің ішіне кірген. Дүние-мүлкі су ішінде қалқып жүр. Қорадағы тауықтары суға тұншығып қырылған. Ал қысқа деп жинаған көмірі енді жарамсыз.
-Мінекей, резеңке етіктің өзінен жаңбыр су өтіп кетті. Өкінішке орай, мектепте қарапайым еден жуушы болып жұмыс істейтін әйел отбасымен апта бойында осы лас судың ортасында отыруға мәжбүр. Өйткені, небәрі 43 мың теңге жалақы алатын оның мына жатқан суды сорғызып алуға жағдайы жетпей тұр.
Сасыған судан тіпті отағасы уланып ауруханаға түсіпті. Советхан Қалқабаеваның өзі де қолы қалт етсе көлкіген суды шелекпен тасып жүріп сырқаттана бастаған.
Советхан Қалқабаева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Басымыз айналады үйге кірсек. Жүрегіміз айнып, денелеріміз қышып, аллергия білмейміз не істейтінімізді? Көмек сұрадық. Әкімдікке бардық, жоқ әлі! Келмеді.
Суды сорғызып алудың құны 25 мың теңге. Бұл тек бір рейстің ақысы. Техника жалдауға теңгесі жетпеген әйел енді ауласын жалғыз өзі тазартып жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!