Елімізде мыңдаған түлек мектептерімен қимай қоштасты
Бүгін мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды! Ел бойынша, 120 мыңнан астам ұл-қыз алтын ұяларымен қоштасып, үлкен өмірге қанат қақты. Балаларының есейгенін көріп көз жасына ерік берген ата-ана, шәкірттерін қимаған ұстаздар, олармен бірге толқыған оқушылар. Бүгін осындай көрініс барлық мектепте қайталанды. Тілшіміз Досжан Маратұлы соңғы қоңрау салтанатына қатысып, өткенді есіне алып келді.
Автор: Досжан Маратұлы
25.05.2016
Бұл қуаныштары қойнына сыймай тұрған Астанадағы № 75 мектептің оқушылары. 11 жыл бойы бір партада отырған қыз-жігіттер соңғы рет қоңырау үнін естіп, білім ордасынан түлеп ұшқалы тұр. Бұл сәт шәкірттердің есінде ұзаққа сақталарын анық. Өйткені, оларды құттықтауға қаумалған ата-ана мен ұстаздан бөлек, министрдің өзі арнайы келді.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Сіздерге жақсы оқып, ҰБТ-ны жақсы тапсырып,жоғарғы оқу орындарына түсіп, мықты азамат болыңыздар. Тек қана сәттілік тілеймін. Ақжол тілеймін.
Сыңғырлаған қоңыраудың үні соңғы рет соғылғанын сезді ме, оқушылар тым толқып кетті. Онысын басу үшін түлектер жаппай вальс биледі. Кейін аспанға шар ұшырды. Алматылық түлектер де ерекше мәз. Әсіресе, шаһар басшысы қатысқан білім ордасы мықтап әзірленген. Ұл-қыздар би билеп ән айтып, мектептегі соңғы салтанатты ұмытылмастай етіп өткізуге барын салды.
Әмина Данияр, мектеп түлегі:
-Бүгін өте маңызды, қажетті күн. Қуанышты күн. Бірақ, сонда да мұңайып тұрмыз. Мектеп мәңгілік есте қалады.
Мектебімен қимай қоштасып жатқандардың арасында жасұландықтар да бар. Бірақ, мұнда түлектер думандатып жатқан жоқ. Барлығы әскери қатаң тәртіпте. Олар ән мен би орнына ұрыс тәсілдерін көрсетті. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Жас ұлан мектебін биыл 70-тен астам ұл бітіріп отыр. Енді олар әскери жоғарғы оқу орындары мен түрлі училищелерге оқуға түспек.
Елтай Сапашов, С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің түлегі:
-Мен 5-ші сыныптан бастап 7 жыл бойы әскери тәлім тәрбие алдым. Осы «Жас ұланда» мінез құлқымызды шыңдап, қанатымызды қатайттық.
Арман, мақсат, сенім! Осы қағиданы берік ұстанған оқушыларды алда маңызды сынақ күтіп тұр. Ол Ұлттық бірыңғай тестілеу. Осылай зор үмітпен үлкен өмірге аяқ басқандар балалықты қойып, мамандық таңдауы тиіс.
Соңғы қоңырау соғылғанымен оқушылар мектепте әлі кемі екі апта жүреді. 25 мамырды атап өткен соң тестілеуге дайындықты қайта бастайды. Себебі сынақтан сүрінбей өту өзіне ғана емес, мектебі үшін де үлкен абырой. Ал тестілеуден соң ұл-қыздар аттестаттарын алып, қоштасу кешін өткізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!