Қызылжарлық полицейлер зейнеткерді оттың ортасынан аман алып шықты
Қызылжарлық тәртіп сақшылары зейнеткер әйелді өрттен аман алып қалды. Ол зираттың басына қоршауды сырлауға барған екен. Кенеттен қураған шөп тұтанып, егде әйел түтіннің иісінен есінен танып қала жаздапты. Оны есеңгіреген күйі автоинспекторлар тауып, алғашқы көмек көрсеткен.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
26.05.2016
Оқиға Қызылжар ауданы Бескөл ауылы маңындағы зиратта болған. Демалыс күні әйел туыстарының моласын сырлауға келген екен. Алайда кенеттен қураған шөп тұтанып, түтінге тұншығыпты. Осы маңнан өтіп бара жатқан тәртіп сақшылары қою түтінді байқап, өрт шыққан жерге демде жеткен.
Арман Қабдоллаев , СҚО ІІД қызметкері:
-Ағаштың түбінде қисалаңдап бір әйел тұрды. Біз оны қисалаңдаған соң мас деп ойладық, бірақ жанына келген кезде бізді көрді де есінен танып осы жерде құлады. Біз оны ұстап қолтықтап, таза ауаға шығардық.
Екі лейтенант Руслан Әлімкин мен Арман Қабдоллаев жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер әйелді ауруханаға алып кеткен. Айтуларынша, сәл кешіккенде оны аман алып қалу неғайбыл еді.
Вадим Аксенов, реаниматолог:
-Қазір науқас өздігінен дем ала бастады. Жағдайы әлі де ауыр. Тиісті ем шара алып жатыр. Толығымен айығып кетеді деуге негіз бар.
Дәрігерлер әлі де жансақтау бөлімінде жатқан әйелмен тілдесуге рұқсат бермеді. Ал қос лейтенант оның жағдайын күнде сұрап біліп тұрады екен. Оларға зейнеткердің ұлының да алғысы шексіз.
Евгений Хомяков, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Анамды аман алып қалғаны үшін оларға ризамын. Олар да өрттің ортасына кіріп бастарын қауіпке тікті. Сол жерде жүргендердің ешқайсысы шешеме көмек көрсетпепті.
Қос лейтенант қызмет ететін Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы енді оларды марапатқа ұсынбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!