Жамбыл облысында шегірткелер жайылымды отап жатыр
Жамбыл облысында шаруалар шегірткеден құтыла алмай әлек. Қаптаған зиянкестер жайылымның түгін қалдырмай отап тастаған. Енді жұрт төрт түлік азықсыз қалуы мүмкін деп дабыл қағуда. Тек жергілікті билік жайбарақат отыр. Айтуларынша, қанатты жәндіктермен күресті мықтап қолға алған. Сондықтан даурығуына негіз жоқ дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
26.05.2016
Мұншалықты шегіртке бұрын соңды бұл маңда болмаған екен. Бір ай бұрын жыбырлап көріне бастаған зиянкестер, демде қаптап кеткен. Әсіресе қанатты жәндіктер Жамбыл ауданындағы Көделі жайлымында көп. Тобымен жиі-жиі көшетін шегірткелер, енді малды азықсыз қалдыратын түрі бар.
Ермек Қарпықов, шопан:
-Биыл көп қой, жердің бәрінің талқанын шығарды. Дәрілеп жатыр болмайды, кешігіп қалды. Дәрілеп жатыр ұшып келіп жатыр тағы.
-Шырылдауық шегіртке алдыда кездескен жасыл желекті түгел жайпап келеді. Олардың саны күнен-күнге артып, мал жайылымын тып-типыл еткен. Ал, енді бұқара зиянкестердің жақын маңдағы егістік алқаптарына лап қоюынан қауіптенеді. Сондықтан жауаптылардан тез арада қанатты жәндіктердің көзін жоюды талап етуде.
Шегіртке қаптаған алқапқа негізі күні кеше залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Алайда, зиянкестер қайта тіріліп жатса керек.
Бақытжан Байдосов, Пионер ауылының тұрғыны:
-Мына төңіректің бәрі бітті шегіртке жеп қойды.Келеді септік дейді, сепкен жерін көріп жатсыздар ғой, қайта ұшып жатыр. Дозасы аз болады ма?
Ал жауаптылар тұрғындардың мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салуы орынсыз дейді. Айтуларынша, бір ауданның өзінде жалпы көлемі үш жарым мың гектар аумаққа шегірткенің екі түріне қарсы залалсыздандыру жүргізілген. Жұрттың түсінбей жатқаны: қолданыстағы улы дәрі себілген соң 7 мен 14 күн аралығында нәтиже береді екен.
Елеусіз Атамбаев, Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
-Шөптен жеп, қорек алғаннан кейін, белсенділігін жоғалтады да, сандалып жүреді әр жерге қонып. Аяғы сынады, мұның енді ешқандай зияны жоқ.
Қарашаның құтын қашырған «Марокко» тұқымдас шегіртке екен. Мамандар қанатты жәндіктердің биыл күрт көбеюін, жауын-шашынның көп болуымен түсінедіреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!