Назарбаев шетел миллиардерлеріне табыс әкелетін саланы атады
Шетел инвесторлары қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Бүгін әлемге әйгілі компаниялар мен корпорациялардың басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан төленбеген салық үшін қатал жазаламауды сұрады. Шетелдік инвесторлар кеңесінде атақты миллиардерлермен Қазақстан президенті ашық сөйлесті. Тіпті алпауыттарды елімізге ақша әкелуге қалай көндіргенін айтып, ағынан жарылды.
Автор: Ербол Сейілхан
27.05.2016
Бұл байлығы шағын елдердің бюджетінен асып түсетін әлемге әйгілі компаниялардың басшылары. Көбі шылқыған миллиардерлердің тізімін жасайтын «Форбс» журналының тұрақты кейіпкерлері. Жиған-тергені қазақ жерінен тапқан қомақты табыспен де толыққаны анық. Оны еселей түсу үшін әлемдік бизнестің алпауыттары кез-келген сәтті ұтымды пайдаланып, байланыс орнатуға әзір. Оларды қанатының астына алған Назарбаев инвесторлардың алғашында Қазақстанға келмей, сенімсіздік танытқанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-"Менің жалғыз уәжім бар — сіздер маған сенуге тиіссіздер", — дедім. Мен оларды орға жыққан жоқпын деп ойлаймын. Олар осында Қазақстанда сәтті жұмыс істеуде… Мен әлі де: "Маған сеніңдер" деймін… Әйтсе де қазір бізде заңдар да, әзірленген білікті кадрлар да бар".
Өткенді еске алған Елбасыны шетел кәсіпкерлері де өздерінің басты қорғаушысы ретінде санайды. Сондықтан бетпе-бет жүздесуде мәселелерін көтерген олар бүгін президенттен қылмыстық жауапкершіліктен босатуды өтінді. Яғни,инвесторлар салық төлемегені үшін қатал жазаламауды сұрап отыр.
Ульф Вокурка, «Қазақстан шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы:
-Салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауапкершілікті алып тастау керек. Мәселен, 42 миллион берешектің өзіне бола, іс қозғайды. Шетел инвесторлары бюджетке ірі салық төлеуші болғандықтан есеп-қисаптан кейде қате кететінін мойындаймыз. Бірақ бұл үшін сотқа жетектемеуді сұраймыз.
Түйткілді дереу шешу үшін Назарбаев тура жиын үстінде министрлерге тапсырма берді. Ал елімізге ақша әкелген алпауыттарға бар жағдай жасала бермекші. Түрлі жеңілдіктерді атпағанда, салықтан босатылады. Оның үстіне Қазақстан 2017 жылы бірқатар әлем елдерімен визасыз тәртіп орнатпақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Барлық облыста инвесторларға бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетіледі. Құқықтарын қорғайтын омбудсмен институты бар. 2015 жылы визасыз келетін елдердің саны 35 болатын. Енді 2017 жылы бұл тізімге тағы 54 мемлекетті қосамыз.
Бұл сөзді естіген бойда, байлар жоспарларымен бөлісіп биыл бірнеше зауыт пен фабриканы іске қосатынын айтты. Одан қалды негізінен қазақтың мұнайы мен қазба байлықтарының арқасында шекесі шылқып отырғандар Қазақстан экономикасына ақша салуын тоқтатпақ емес.
Нұрсұлтан Назарбаев инвесторларға орасан пайда табуға болатын тағы бір саланы айтты. Яғни жекешелендіру науқанына қатысып, мемлекет активтерін сатып алуға кеңес берді. Осыдан кейін алақанын ысқылап қалған шетел кәсіпкерлері бұл ұсыныстан бас тартпайтындай сыңай танытты. Соған қарағанда, жаппай аукционға түсіп жатқан нысандардың жаңа қожайыны осы миллиардерлердің арасынан шығуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!