Көкшетауда танымал минералды суы шетелге шығарылмақ
Минералды су шығаратын отандық компания жаңа басшылықпен жаңа даму дәуірін бастамақ. «Asia waters» холдингінің құрамына еніп, қазір 25 жылдық мерейтойын атап өткен «Көкшетау минералды сулары» тек отандық қана емес шетелдік тұтынушыларды қуантпақ. Олар тіршілік нәрінің құрамына аса мән беріп, оның расында да минералды болуын қадағалауда. Қолжетімді баға мен жоғары сапаның арқасында «Тұран» табиғи суы нарықта өз орнын таппақ.
Автор: Олжас Байжан
30.05.2016
Құрылған сәтінен бастап 1 млрд литр су өндіріп, бюджетке 50 млрд теңге түсірген «Көкшетау минералды сулары» биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Қазір қаланың әрбір оныншы тұрғыны – осы компанияның қызметкері. Адамның денсаулығы ол тұтынған суға байланысты. Әлемде аурудың 80%-ы сапасыз судан болады екен. Сондықтан аталған компания өз өнімдерінің құрамына ерекше көңіл бөлген.
Нұрәли Мырзалиев, «Көкшетау минералды сулары» АҚ өндіріс бойынша директоры:
-Біз бұл суды ішіндегі механикалық заттардан тазартамыз, ал табиғи тазалығы сол күйінде қалады. Ол минералды су өте көп ауруларды емдеуге қолдануға болады. «Құлагер» суының құрамында йод бар, адамның ағзасына жетпейтін йодты «Құлагер» суын іше отырып, қабылдауға болады.
Ішкі нарықты толық қанағаттандырған соң компания басшылығы тауарын шетелде таныстырмақ. Негізгі серіктестер ретінде ТМД мен Азияның оңтүстік-шығыс елдерін таңдаған.
Шалқар Нұртілеуов, «Asia waters» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы:
–Қытай мемлекетінде біз осы Қазақстанда өндірілетін «Тұран» суын қазір сауда-саттық маркасын рәсімдеп жатырмыз, сертификатын алып жатырмыз. Биылғы жылдың аяғында немесе 2017 жылы Қытайға экспорттауды бастаймыз.
«Көкшетау минералды сулары» өндіріс күшін 4 есе көбейтіп, 2020 жылы 400 млн. литр су шығармақ. Ал экологияны сақтап қалу мақсатында бөтелкелерді қайта өңдеу орындарын ашу көзделген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!