Алматыда бала асырап алғысы келетіндерге кеңес беретін орталық ашылмақ
Алдағы уақытта Алматыдағы балалар үйінің саны біреуге кемуі мүмкін. Себебі қаладағы №2-ші жетімдер үйі болашақта отбасын қолдау орталығына айналады. Яғни арнайы мамандар бала асырап алуға ниетті ата-аналарға ақыл-кеңес айтып, отбасындағы кикілжіңдерді шешуге көмектеспекші. Бұл «Сәбимен отбасының сәні кірер» қозғалысы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Автор: Диас Нұрақын
30.05.2016
«Сәбимен отбасының сәні кірер»! Алматыдағы №2-ші балалар үйінде ашылған отбасын қолдау орталығының басты ұраны осы. Мұндағы мамандар бала асырап алуға ниетті ата-аналарға ақыл-кеңес айтып, білгенімен бөлісуге қашанда дайын. Себебі соңғы уақытта көптеген отбасылар асырап алған балаларымен тіл табыса алмай жатады екен. Мәселен былтырдың өзінде жетімдер үйінен бағып алынған 250 баланы асыраушылары балалар үйіне қайтып өткізген. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алғаш рет ата-аналар орталығы құрылып отыр.
Ақмарал Шатаева, балалар үйінің директоры:
-Қабылдаушы ата-аналар мектебі барлық бала алам деген ата-аналармен жұмыс атқарады. Яғни, психологиялық, әлеуметтік тұрғыдан көмек береді. Қазіргі таңда бала алып жатқан ата-аналар психологиялық жағдайды аса түсіне бермейді. Сондықтан бұл орталық баланы қалай түсіну керек, қалай сөйлесу керек соны ашып айтып береді.
Бұл орталық баласынан безген безбүйрек ата-аналарға да қол ұшын созуға дайын. Яғни психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер және заңгерлер ана мен бала арасын жақындатуға атсалыспақ. Тіпті тұл жетімдерді жалғызсыратпау үшін тәлімгерлер жобасын да бастап кетті. Яғни қазірдің өзінде 32 азамат балалар үйіне барып, аялы алақанға зәру ұл-қыздардың көңілін аулауға тырысып жүр.
Ева Матвиенко, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
-Басында біз бөтен кісілермен тіл табыса алмай біраз қиналдық. Қазір керісінше тәлімгерлер досымыз сияқты болып кетті. Қажет кезде көмектеседі,қолдау білдіреді. Бізге көңіл-күй сыйлай бастады.
Тағдыр тәлкегіне түскен тастандыларды қанатының астына алған орталық әзірге бір ғана бөлме ішінде жұмысын бастады. Бірақ болашақта №2-ші балалар үйінің барлық ғимараты осы орталыққа берілуі мүмкін. Осылайша мамандар еліміздегі балалар үйінің санын біреуге болса да қысқартуды көздеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!