Алматыда жүгенсіз жүргізушілерден шаршаған жұрт шу шығарды
Алматыда жоғары жылдамдықпен жүйткіген көліктердің кесірінен тұрғындар далаға шыға алмай жүр. Кептелістен қашқан, жолды қысқартқысы келген жүргізушілер жер үйлердің ортасындағы тар көшелермен жүруді әдетке айналдырыпты. Сондықтан, енсіз жолдарда болатын апаттар саны көбейген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
31.05.2016
- Жер үйлердің ортасындағы мына көшемен бұрын бірді-екілі ғана көлік жүрген болса, қазір олар көбейіп кеткен. 1 жыл бұрын мұнда асфальт төселген екен. Бірақ, бұдан жағдай жақсара салған жоқ. Себебі, жолды қысқартқысы келетін, әрі кептелістен қашқан машиналар осы көшемен жүруді әдетке айналдырған.
Ағылған көліктерден мезі болған мына тұрғындар шенеуніктерден қайыр болмаған соң, кезінде жол кедергісін өздері орнатқан екен. Тек, әшейінде мұнда бас сұқпайтын қызметкерлер келіп, алып тастапты. Сондықтан таңның атысынан кештің батысына дейін машиналар екі бағытта да жүйткитін көрінеді. Жылдамдықты да шамадан тыс асырады екен.
Ал, мұның арты жол апатына әкеліп соғады.
Изатбибі Ұшырова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қатты апат болады. 3 күн бұрын. Машинаның жартысы жоқ. 2 жыл бұрын тауық сияқты 2 метр әжетхананың үстіне шығып кеткен.
Тар көшелермен жүретін машиналарға мына тұрғындар да наразы. Бұл ауданда кішкентай балалар көп. Сондықтан жұрт көшеге шыққан баланы аңдумен болады екен. Ал жазғы демалыс басталғалы қауіп тіптен күшейген.
Жансая Жұматаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бала-шағаның артынан аңдып, жүгіріп жүреміз азаннан кешке дейін.
Тұрғындар тиісті орындарға талай барып, шағымданыпты. Тек ешқандай нәтиже шықпаған көрінеді. Ал жол полициясындағылар жағдайға тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.
Болатбек Баятанов, Алматы қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы:
- Қондырғылар орнатылатын болса, кептеліске әкеліп соғады. Біз түсіндіріп айтамыз, жол бойы ол ойнайтын жер емес екендігін.
Тек жүргізушілер де белгіленген жылдамдықтан асырмауы тиіс. Ал арнайы белгілер мен жылдамдықты шектейтін құрылғылар тек мектеп пен ауруханалардың қасына ғана орнатылады екен. Сондықтан полицейлер тұрғындарды жүргізушілерді түсінуге шақырумен шектелді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!