Петропавл шетіндегі үйлер биылғы топан судан кейін аралда қалғандай күй кешуде
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
02.06.2016
Оларды орталықпен байланыстыратын жолды үш жерден су шайып кеткен. Соның салдарынан халық діттеген жерлеріне жете алмай отыр. Ал шенеуніктер судың арнасын бұру үшін темір жолдың астын қазу керек деп шешекен. Бірақ бұған темір жол басшылығы рұқсат бермейді.
Мына үйлер өткен ғасырдың алпысыншы жылдары теміржолшылар үшін салынған екен. Қазір мұнда он екі отбасы күнелтіп отыр. Дені әлі сол шойынжолда жұмыс істейді. Тағы 40 шақты адамды күнде таңертең жұмысқа арнайы автобус әкеледі екен. Жұмысшылар күнде үш жерден су кешіп өтетін көліктің ішінде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді.
-Тұрғындардың айтуынша, жолды су осымен екінші жыл қатарынан шайып жатыр. Егер билік бір шара қолданбаса, су деңгейінің өздігінен түсетін түрі жоқ. Бұл жағдайда халыққа қысқа дейін шыдауға тура келеді.
Былтырлары су деңгейі әлдеқайда төмен болатын дейді тұрғындар Биылғы қардың көптігі салдарынан жол жаз келсе де ашылмай тұр.
Евгения Колесникова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Қазір жағдай мүлде сорақы. Резеңке етік киіп, судан өтеміз. Сосын ол аяқ киімді қалада өзіңмен бірге тасып жүргенің. Жуырда балам ауырып қалғанда, бізге жедел жәрдем де жете алмады.
Жұрт талай рет әкімдікке шағымданыпты. Ондағылар зерттей келе судың арнасын бұратын жерді тауыпты. Алайда оны жүзеге асыру мүмкін емес көрінеді.
Раиса Казарезова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-бұл жерден он шақты темір жол өтеді. Әкімдер тапқан шешім бойынша, сол жолдардың астын қазып, құбыр салу керек екен. Алайда бұған темір жол басшылығы рұқсат бермей отыр.
Қазір шенеуніктер жергілікті теміржолшылармен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Оған дейін аралда қалған халықтың резеңке етікпен су кешуден басқа амалдары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!