Сириядағы соғысқа қатысқан Ресейдің жойғыш ұшақтарын Қазақстан сатып алмақ
Астана әлемдегі қымбат қару-жарақтардың орталығына айналды! Бүгін Елордада басталған «KADEX–2016» халықаралық қару-жарақ көрмесіне дүниежүзінің 50 мемлекеті қатысып жатыр. Елорда шетінде әуе базасына жиналған ірі корпорациялар жаудың көзін қас-қағым сәтте жоятын ұшақ, танк,ракета, бронетранспортер секілді жүздеген әскери техникасын саудаға шығарды. Қазақстан да қарап қалған жоқ. Жаһанда қандай қаруға сұраныстың артқанын Ербол Сейілхан біліп келді.
Автор: Ербол Сейілхан
02.06.2016
Қайта-қайта сүртіліп жатқан атақты «Арланның» құны 300 мың доллар. Жол талғамайды, оқ өткізбейді. Сондықтан Астанада құрастырылатын отандық көлікті бүгін шетелдіктер әсіресе, Алжир мен Иорданияның делегациясы төңіректеп шықпай қойды.
-Қазақстан көрмеде үлкен мақтанышпен көрсеткен бұл бронды көліктің салмағы 16 жарым тонна. Ішіне 10 сарбаз сыйып кетеді.Ал төбесінде пулемет орнатылған. Ол 5 шақырым қашықтықтағы жаудың нысанын дәл атып түсіреді.
Ал «KADEX» үлкен бір базарға ұқсайды. Бірақ бұл жерде тамақ емес, қару-жарақ саудасы қызып жатыр. Шетелдің лауазымды офицерлері болса, жылы жымиып жүріп қай мемлекетте не барын сырттай бағамдауда. Өйткені, көрмеден танк, авиация секілді басқа да әскери техниканың жүздеген озық түріне делдалсыз қол жеткізуге болады. Оқ шығаруды енді қолға алса да, Қазақстан барын ұсынып қана қоймай, Ресейден 4 МИ-35 тікұшағы мен бірнеше СУ-35 жойғыш ұшақтарын сатып алмақ. Бұл қауқарлы әуе техникасымен Мәскеу Сириядағы содырлардың нысандарын бомбалаған еді.
Оқас Сапаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
-Қол қойылған келісім бойынша МИ-35-ті биыл сатып сатып аламыз. Су-35 те ұнап отыр. Жаңа ресейлік әріптестеріміз ұшып көрсетті.
Ресейден бөлек, Астанаға өнімін ала келген Қытай мен НАТО-ға мүше елдердің бос қайтқысы жоқ. Десек те, қару-жарақ корпорациялары әлемде өршіген соғысқа қарсы тұру басқаша сипат ала бастағанын айтады. Қазір танк, басқарусыз ұшаққа қарағанда түскен жерін тас-талқан ететін зымырандарға сұраныс артқан. Болашақта оқтың да түкке керегі болмай қалуы мүмкін. Бүгін неміс инженерлері оны алмастыратын лазерді көрсетті. Яғни, жауға оның сәулесі тисе, сол бойда жантәсілім етеді екен.
Павильондағы сауданың тілі ағылшын. Әр мемлекет тауарын өткізуге ынтық. Мұнда қару-жарақтың да түр-түрі қойылған. Винтовка мен тапаншаны айтпағанда , өткір қанжарларға дейін бар. Жабық өтіп жатқан көрме, астаналықтарға есігін сенбі күні айқара ашпақ. Бірақ, тұрғындар қалағанын ақшаға да ала алмайды. Себебі суық қарулар арнайы құжаты бар заңды тұлғаларға ғана сатылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары