Алматыда қисайған үйді салған компания далада қалған жұртқа пәтер тауып бере алмайтынын айтты
Алғабастағы апатты үй ақыры бұзылатын болды. Алматыда қабырғасы қисайған үйдің техниикалық жағдайын тексерген мамандар 9 қабатты нысанды аса қауіпті деп тапқан. Сондықтан бүгіннен бастап тұрғындар пәтерлерін босатуы тиіс. Алайда далада қалғандардың қайда барары белгісіз. Өйткені «Астана құрылыс» компаниясы жүздеген тұрғынға баспана беретін жағдайымыз жоқ деп отыр.
Автор: Диас Нұрақын
03.06.2016
-Екі күннен бері елдің есін алған Алғабас-6 ықшамауданындағы 136-шы үй ақыры бұзылатын болды. Бүгін арнайы комиссияның шешімімен тоғыз қабатты нысан апатты деп танылды. Сондықтан мұндағы 72 пәтерде тұратын 200-ден астам тұрғын алдағы 1-2 күнде басқа пәтерлерге көшіріледі. Ал оның орнына болашақта зілзалаға төзімді, сапалы және заманауи тоғыз қабатты тұрғын үй салынбақ.
Қабырғасы 32 сантиметрге қисайған ғимарат кешелі бері тағы да ауытқыған. Яғни монолиттен құйылған үй күн санап семіп барады. Сондықтан атқамінерлер жұртты жаппай көшіруді ұйғарыпты.
Сұлтанбек Мәкежанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары
-Сіздер басқа үйге көшесіздер. Ертең оның арғы күні айтамыз қай күні қай жерге көшетіндеріңізді. Ешкім мына жерде қалмайды. Жақсы үйге көшесіздер.
Апатты үйдің тұрғындары енді екі күн ішінде дүние-мүлкін алып көшіп үлгеруі тиіс. Яғни аяқ астынан далада қалған 200-ден астам тұрғынды «Астана құрылыс» компаниясы су жаңа пәтерлермен қамтамасыз етуге міндетті. Алайда оның басшысы дәл қазір жұртқа баспана беретін жағдайымыз жоқ дейді. Тіпті әкімдіктің шешімінен хабарсызбын деп шорт кесті.
Бекболат Амантұрлин, «Астана құрылыс» компаниясының президенті:
-Әзірге тиісті шешім жоқ. Комиссия нақты қортынды шығармай жауапкершілікті мойнымызға алмаймыз. Әрі қаржылық мүмкіндігіміз де жоқ. Мен әкімдіктің ешқандай мәлімдемесін естіген жоқпын.
Ал көшін қоңдауға кіріскен жұрттың әлі де көңілінде күдік көп. Себебі олар басқа баспана қала сыртынан немесе әлі инфрақұрылымы жоқ жерден беріледі ме деп қауіптенеді.
-Алғабастың өзінен берсе де қуанамыз. Өйткені балалар мектепке барады, емхана қасымызда, жұмысымыз да осы жерде.
-Қай жақтан береді сол жерден аласыңдар деп айтты. Оған тұрғындардың көбі келіспей жатыр.
Апатты үйді зерттеген комиссия құрылыс барысында бірқатар талаптардың сақталмағанын анықтапты. Яғни тұрғын үй тұрғызылатын жердің топырағын нығыздау жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан жобалаушы компания мен техникалық қадағалау жасаған мекеме де енді жауаптан жалтара алмайды. Өйткені қисайған үйдің құрылысына қала бюджетінен 400 миллион теңге қаржы жұмсалған екен. Желге ұшқан ақшаның қайтарымын енді құзырлы орындар қадағалайды. Сондай-ақ, қаладағы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған барлық құрылыс нысандары жаппай тексерілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!