Алматы облысында лаңкестер қолынан қаза тапқан офицер Даниел Майлыбаев жерленді
Лаңкестер қолынан қаза тапқан офицер Даниел Майлыбаев бүгін Алматы облысында жер қойнына тапсырылды. Қызылорда тумасы 10 жылдан бері Талғар қаласында тұрған екен. Барлау қызметінің 40 жастағы майоры Ұлттық гвардияның Ақтөбедегі әскери бөлімшесіне шабуыл жасалған кезде оққа ұшқан. Офицердің артында әйелі мен 4 баласы қалды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
07.06.2016
Ұлттық гвардияның офицері Даниел Майлыбаевтың денесі мұнда кеше жеткізілген. Бүгін марқұмды туған-туыс, достары мен әріптестері ақтық сапарға шығарып салды.
Гүлстан Алламбергенова, марқұмның анасы:
- Қандай ғана оңбаған баламды атып өлтірді-ау?! Шырағымды сөндірді -ау.
Барлау қызметінің майоры Ақтөбеде 2 жылдан бері қызмет етіпті. Ол 5 маусым күні Ұлттық гвардияның әскери бөлімшесін басып алмақ болған қаскөйлерге тойтарыс беремін деп оққа ұшты.
Ботагөз Мамытова, марқұмның жесірі:
- «Жоқ мен жұмыста болуым керек, мен тексеріп қайтпасам болмайды» - деп, сол жұмысқа кеткен.Адамдарда бірінші отбасы тұрса, ол кісіде жұмыс еді. Ол кісіде демалыс, деген болмайтын ешқашан.
Ерлікпен қаза тапқан марқұмның артында 4 баласы қалды. Алды 13-те, ал кішісі небәрі 7 айлық. Қызмет бабымен Ақтөбеде жүрген Майлыбаев үйіне айлап келмейтіндіктен, кенжесін 2 рет қана көрген екен. Жақындары оны енді тек суретіне қарап, сағыныштарын басады. Бүгін батырмен қоштасу рәсіміне қатысқан шенеуніктер марқұмның артында қалған жесір мен жетімдерге көмек берілетінін айтты.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Бюджеттен 5 миллион қаржы бөлу туралытапсырма бердім. Күзде үй тапсырамыз 60 пәтерлік. Содан бір жақсы пәтер береміз.
Қызметін ерекше сүйген офицер шілдеде еңбек демалысын алып, уақытын отбасымен өткізуді жоспарлаған еке. Үйдегілер де оны сағына күткен. Енді, міне, мәңгілік сағынышқа айналды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!