Ақтөбеде іздеуде жүрген лаңкестердің тізімінен көршісін таныған тұрғындар таңданысын жасыра алмады
Ақтөбеде лаңкестік оқиғаға қатысты арнайы операция әлі тоқтаған жоқ. Қазір қарулы қақтығысқа қатысы бар 7 адам іздестіріліп жатыр. Олардың екеуі Қызылорда мен Ақмола облыстарының тумалары, қалғандары ақтөбелік. Куәгерлердің айтуынша, қашып жүргендерді ұстау үшін бірнеше ауданда атыс болған. Қазірге дейін 13 содырдың көзі жойылып, сегізі қамауға алынды.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.06.2016
-Ақтөбедегі жағдай әлі тынышталмай тұр. Қала ішіндегі қатынас пен байланысқа қойылған шектеулер алынып тасталғанымен, жұрт үрейден арылмаған. Оған да себеп жоқ емес.
Қаланың қақ ортасындағы 8-ші ықшамаудан тұрғындары түске таман тағы бір дүрлігіп қалды. Куәгерлердің айтуынша, мұнда да атыс болған.
Әділхан Демесінов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Осыдан бір сағат бұрын атыс болды. Полиция біреуді қуып жүр. Одан басқасын білмеймін.
Жексенбі күнгі лаңкестік оқиғаға қатысы бар күдіктілердің 7-уі әлі бостандықта жүр. Содырлардың суреттері бар, аты-жөндері белгілі. Олардың екеуі Ақмола мен Қызылорда облыстарының тумалары, қалғандары ақтөбелік. Араларындағы ең үлкенінің жасы 43-те. Ал лаңкестердің жақындарының ешбірінің тілшілермен сөйлескісі жоқ. Тек іздеуде жүргендердің тізімін көрген көршілері таң қалып отыр.
-5ші маусымнан бері оны көрмедім. Анасын танимын. Сәлемі түзу еді. Бұл қалай болғанын өзіміз түсінбей қалдық.
Ішкі істер министрлігіндегілер барлық жағдайды қадағалап отырғандарын айтады. Сондықтан тұрғындарды сабырға шақыруда.
Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ ресми өкілі:
-13 қылмыскердің көзі жойылды. 4 жарақаттанды. 7 қылмыскер іздеуде. Ішкі істер органдары іздеудегі қылмыскерлерді ұстау бойынша барлық шараларды қабылдауда.
Тәртіп сақшылары іздеуде жүргендерді көрген-білгендер болса жедел хабар беруін сұрап отыр. Лаңкесттікке қарсы штаб қазір тұрғындардан түскен әр хабарды жіті бақылауға алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!