Астанада Ермегиевтің оң қолы атышулы Үсеновке кесілген жаза көпшіліктің таңданысын тудырды
Қажымұрат Үсенов айыпты деп танылып, абақтыға жабылды! Астана соты бүгін атышулы «ЭКСПО ісіне» қатысты айыпталушылардың жартысына үкім шығарды. Бір қызығы сот прокурор сұраған жазадан тым жеңіл жаза кесіп отыр. Өйткені айыпталушылар кінәларын мойындап, жеңіл жаза сұраған екен. Сот осыны ескерсе керек, мемлекеттің миллиардтарын жымқырды деп айыпталған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы төрағасының кеңесшісі Қажымұрат Үсенов небары екі жыл алды. Ал, қалған 11 адамның біразы айыппұлмен құтылса, ең ауыр жаза алғаны 3 жыл арқалады.
Автор: Досжан Маратұлы
08.06.2016
Бұл өз кінәсін мойындаған «Экспо ісіне» қатысты айыпталушылар. Қажымұрат Үсенов бастаған 12 адам. Тағылған айыппен келісіп, тергеушілердің жұмысын жеңілдеткендіктен бұларға қатысты сот бөлек өткен еді. Енді бүгін жеңіл жазаға үміттеніп келгендей. Десе де жүздерінен қатты қобалжу байқалады.
Көп күттірмей залға кірген судья ең бірінші Қажымұрат Үсеновке шығарған үкімін оқыды. «Экспоның» экс-басшысы Талғат Ермегияевтың оң қолы кісі қағып өлтірген ұлы Мақсат Үсенов секілді жазадан жеңіл құтылды. Мемлекет ақшасын миллардтап жесе де, алған жазасы екі жыл.
Қажымұқан Мекемтас, судья:
-Үсенов Қажымұрат Қантайұлы кінәлі деп танылсын. 2 жылға бас бостандығынан айырылып, барлық дүние мүлкі тәркіленсін. Әрі «Құрмет» наградасы қайтарылып, өмір бойы мемлекеттік орындарда жетекші қызметін атқаруға тиым салынады.
Осыдан кейін, қарауыл сотқа үйінен келіп жүрген Үсеновтың қолына кісен тағып, айыпталушы орнына қамап қойды. Қалған 11 айыпталушыға да айтарлықтай ауыр жаза кесілген жоқ. Жер телімдері, элиталық пәтер және қымбат көліктерінен айрылған олардың төртеуі айыппұлмен құтылды. Ал, жетеуі темір торға қамалды. Негізі прокурорлар бұлардың әрқайсына 7-10 жылдан сұраған болатын.
-Қазақстанда әділдік жоқ.
Десе де соттың осы үкіміне де көңілі толмай жылап шыққан сотталушылардың жақындары жетерлік. Енді олар апелляциялық шағым түсірмек. Есесіне жазадан жеңіл сытылған Үсеновтың адвокаты көңілді.
Үсеновтың адвокатының бұлайша көңілді болуына себеп бар. Өйткені, 2 жыл мерзімнің былтыр Үсенов қамауға алынғаннан бастап есептелетінін ескерсек, ол түрмеде ұзақ отырмайтын секілді. Ал, басты айыпталушылар «ЭКСПО-ның» бұрыңғы басшысы Талғат Ермегияев пен басқа топ менеджерлерге үкім ертең шығарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!