Ақтөбеде лаңкестердің қолынан қаза тапқан азаматтар жерленді
Бүгін ақтөбеліктер осы лаңкестердің қолынан қаза тапқан үш тұрғынды ақтық сапарға шығарып салды. 44 жастағы Андрей Максименкомен қоштасу рәсімі дәл сол қанды оқиға болған дүкенде өтті. Сонда сатушы болып істеген марқұмның бүгін туған күні екен. Ал 35 жастағы Михаил Матросов пен зейнеткер Николай Онищенконы жақындары өз шаңырағынан шығарды.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.06.2016
-Бүгін таңнан бері ақтөбеліктер лаңкестердің қолынан қаза тапқан марқұмдардың жақындарына көңіл айтып жатыр. Әрбірінің шаңырағына барып басу айтпағанымен, қанды қырғын болған мына дүкен алдына келіп гүл шоқтарын қоюда. Қара лентадағы жазулардан да мұнда мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер қауымдастығы және түрлі қоғамдық ұйым өкілдерінің келгенін аңғаруға болады.
Қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан үш ақтөбелікті ақтық сапарға дәл осы қару сататын дүкен алдынан шығарып салу жоспарланған еді. Бірақ зейнеткер Никалай Онищенко мен 35 жастағы Михаил Матросовтың отбасы оны жөн көрмепті. Сондықтан өздері тұрған үйдің ауласынан шығарды. Зейнеткер содырлар тап бергенде өз көлігінде отырған екен.
Ал ең бірінші болып содырлар қолынан оққа ұшқан Андрей Максименко өз туған күнінде жер қойнына тапсырылды. Тірі болғанда бүгін 44 жасқа толады екен. Өзі бес жыл бойы қызмет еткен қару-жарақ дүкенінің кіре берісінде қоштасу рәсімі өтті.
Ирина Бондарь, А. Максименконың туысы:
-Өзі бауырмал еді. Көмек сұраған кез-келген адамға қол ұшын беретін. Онымен дәл туған күнінде қоштасамыз деп мүлдем ойлаған жоқпыз.
Ал күзет қызметкері Мерхан Тәжібаевты кеше жерледі. Әкімдік қаскөйлер қолынан қаза тапқан төрт ақтөбеліктің әрқайсысының отбасына бір миллион теңгеден көмек беріп, садақаларын өткізуді өз мойындарына алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!