Алматыда қабырғасы қисайған үйдің жұртына уақытша пана табылды
Алматыдағы апатты үйдің тұрғындары жалдамалы пәтерлерге көшірілетін болды. Себебі «Астана құрылыс» компаниясының 200-ден астам тұрғынға беретін дайын баспанамыз жоқ. Сондықтан жарты жыл ішінде 72 пәтерлі басқа үй салып бермекші. Оның құрылысы келесі аптада басталуы тиіс. Қазір қажетті жер телімі белгіленіп, жобасы дайындалып жатыр екен.
Автор: Диас Нұрақын
09.06.2016
Қабырғасы қисайған үйдің тұрғындары жарты жыл жалдамалы пәтерлерде тұратын болды. Бір апта кеңескен комиссия мүшелері баспанасыз қалған 72 отбасыға жаңа үй салып беру керек деп ұйғарыпты. Тіпті тиісті жер телімі белгіленіп қойған. Құрылысы бір апта ішінде басталатын 9 қабатты нысан сол Алғабас ықшамауданында бой көтермек. Оны «Астана құрылыс» компаниясы бас-аяғы жарты жылдың ішінде бітіріп, 200-ден астам тұрғынды қыс түспей қоныстандырамыз деп отыр.
Сұлтанбек Мәкежанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
-Желтоқсанның бірінде пәтер толықтай салынады. Ол «Астана құрылыс» мекемесінің есебінен 1-ші желтоқанда өткізіліп, тұрғындар жаңа үйге көшіріледі. Оған қоса айтарым тұрғындар салынып жатқан үйдің сапасын тексеруге қатыса алады.
Ал құрылыс аяқталғанша тұрғындар туыстарын немесе жалдамалы пәтерлерді жағалай тұрады. Бүгіннің өзінде 17 отбасы өз беттерінше пәтер жалдаймыз деп 6 айдың ақшасын алған. Ал қалғандарына «Астана құрылыс» компаниясы уақытша баспана тауып беруі тиіс. Тығырықтан шығар жол табылғанымен тұрғындардың көңілі әлі де күпті.
Бейбітхан Әкімбекова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Қорқыныш бар енді. Бастықтарға сенеміз айтқн уәдесінде тұрады деп.
Ал жұрт әлі де сенім артып отырған компания сапасыз үй салғандарын мойындайтын емес. «Астана құрылыстың» басшысы құлағалы тұрған үйдің талапқа сай салынғанын айтуда. Сондықтан апатты үйді бұзуға асығатын түрі жоқ.
Осылайша іргетасы отырып, қабырғасы қисайған үйдің болашағы белгісіз болып тұр. Себебі өткен аптада 9 қабатты нысанды бұзамыз деген атқамінерлер айтқан сөздерінен айнып қалған сияқты. Яғни, 400 миллион теңгеге тұрғызылған тұрғын үйді қайтадан қалпына келтіруге болады деген пікірлер айтылуда. Сондықтан мамандар қисайған үйдің қаншалықты қауіпті екенін зерттеп жатқан көрінеді. Егер тұруға жарамды деп танылса, кем-кетігі жөнделіп, кезек күткен басқа азаматтарға берілуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!