Астанада ұзақ мерзімге сотталған Ермегияев үкімді жымиып тұрып тыңдады
14 жыл жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізіп қоймай, мемлекеттен ұрлаған 6 миллиард теңгені қайтаруы тиіс! Бүгін Астана соты Талғат Ермегияевқа осындай үкім кесіп, атышулы «ЭКСПО ісіне» соңғы нүктені қойды. Үкім оқылып жатқанда да езуін жимаған ЭКСПО-ның экс басшысының өзі кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Ал прокурордың сұраған жазасымен 100 пайыз келіскен судья, Ермегияевтың бүкіл жиған-тергені де тәркіленсін деп шешті.
Автор: Досжан Маратұлы
09.06.2016
Атышулы «Экспо ісіне» қатысты үкімді тыңдауға келгендердің көп болғаны соншалық, залда ине шаншар орын жоқ. Ал, басты айыпталушы Талғат Ермегияев Есілдің сол жағалауындағы пентхаусынан сотқа соңғы рет келді. Арнайы күзетпен жеткізілген ол, жақындарымен құшақтасып амандаса кетті. Процес басталғалы езуі жиылмаған Ермегияев бүгін де көтеріңкі көңіл күйде.
Соңғы сөзінде «Экспоның»экс-төрағасы бұл істің артында кімдердің тұрғанын және өзіне қандай үкім кесілерін білетінін атты. Тек ешкімнің атын атап, түсін түстеген жоқ. Судья да көпке созбай, прокурор сұраған жазаны өзгертпестен кесті.
Әділхан Шайхисламов, судья:
-Талғат Ермегияев кінәлі деп танылсын. 14 жылға бас бостандығынан айырылып, барлық дүние мүлкі тәркіленсін. Және «Парасат» ордені қайтарылып, мемлекеттік органдарда басшы қызметін атқаруға өмір бойы тиым салынсын. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтесін.
40 минутқа созылған үкім оқылып біткен соң Талғат Ермегияевтың қолына тура сот залында кісен салынды. Сондай-ақ, оның Алматыдағы элиталық пәтерлері, жер телімдері, қымбат көліктері, Астанадағы учаскелері мен қымбат баспанасы және 6 компаниядағы үлесі тәркіленді. Тек судья лауазымды топ менеджердің әйеліне тиесілі үйді өзінде қалдырды.
Ал, Ермегияевтың басты сыбайласы, әрі орынбасары Суламбек Баркинхоев 7 жылға арқаласа, бюджет ақшасын бірге қымқырған 3 кәсіпкер түрмеден құтылып кетті. Мәселен, 70 жастағы бизнесмен Орал Ибадилдина 7 жыл шартты жаза алды. Және кішкентай баласы бар Мәдина Дәулетбаеваның жазасы 5 жылға шегерілді. Сөйтіп «Эскпо ісіне» қатысы бар 11 адам 4 жылдан 14 жылға дейін жазасын алды. Дегенмен, үкіммен келіспей жылап еңіреген сотталушылардың жақындары көп. Әсіресе, Ермегияевтың әйелі күйеуінің жазықсыз екеніне сенімді.
-Менің күйеуім кінәлі емес!
Сондықтан Ермегияевтың адвокатынан бастап, барлығы апелляциялық шағым түсіреміз деп отыр.
-Үкіммен келіспейміз.
Ал сот Ермегияев бастаған сыбайластарға халықаралық көрменің құрылысына деп бөлінген бюджеттің 10 миллиардтын бір ай ішінде қайтаруға уақыт берді. Оның 6 миллиардын «Экспоның» экс-төрағасы тиынына дейін мемлекетке санап беруі тиіс. Талғат Ермегиевтың адвокаттары апелляциядан үміттенгенімен, үкімнің өзгере қоюы енді екіталай. Сондықтан ол сот залынан бірден изоляторға әкетілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!