Үкімет теракті кезінде тұрғындарды құтқару үшін арнайы ұшақ сатып алмақ
Үкімет дәл осы Ақтөбедегі терактіден кейін әскери ұшақтар сатып алмақ. Бүгін премьер Қорғаныс министрлігіне қауіп-қатер төнген жағдайда, тұрғындар мен жүкті тасымалдайтын ірі ұшақтар қарастыруды тапсырды.
Автор: Жәудір Оразхан
14.06.2016
Бұған қоса еліміздегі әуежай, авто, теміржол вокзалдарында да тексеру күшейтілмек. Біріңғай техникалық талап енгізіледі. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тиісті органдармен бірігіп, бір айдың ішінде қару-жарақ айналымы, миграция мәселесі мен лаңкестікке қарсы шаралар туралы заң жобасын әзірлеуі қажет. Ақтөбедегі содырлардың сойқанынан кейін шетелдік инвесторлар да Қазақстаннан секем алып қалыпты. Кәрім Мәсімов қарамағындағыларға осы мәселені де шұғыл шешуді, яғни сырттан келген бизнесмендерге ішкі жағдайдың қалыпты екеніне көздерін жеткізуді тапсырды. Бұған қоса Әлеуметтік даму министрлігі жастармен жүздесіп, жұмыссыздықпен күресті қолға алмақ.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
-Мен ертеңнен бастап облыстарды аралаймын. Кездесулерде жастарды жұмыспен қамту мәселесін жеке талқылаймыз. Сондай-ақ, Үкімет жанынан терроризм мен экстремизмге қарсы арнайы жұмыс тобын құру керек. Министрлер қысқа уақыттың ішінде нақты жоспар құрып, оны жүзеге асырудың мерзімін белгілеуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!